Табысты студенттердің 10 лайфхагы

Лидс университетінің тәжірибелі оқытушысы Стелла Коттрелл университеттің дипломын ғана емес, сонымен қатар оқудың ләззаты мен сапалы білім алуға ұмтылатын, бірақ неден бастау керек екенін білмейтін студенттерге 10 ұсыныс дайындаған екен.

1. Табысты студентке арналған стратегия

Оқуда озат болу үшін студенттер K.R.E.M.I стратегиясын құрайтын қасиеттерді дамытуы қажет.

К – креатив: немесе оқуда қиялды қолдану, өзіндік стратегиялар мен стильдерді әзірлеу және жүзеге асыру мүмкіндігі.

R – рефлексия: өз жұмысың мен жетістіктеріңді талдай және бағалай білу, және жинақталған тәжірибеге сүйене отырып, өз бетіңше жаңа білім шығару.

E – тиімділік (efficiency): жеке кеңістікті өз бетінше ұйымдастыру мүмкіндігі, сонымен қатар максималды пайда алу үшін жұмыс уақытын, ойлары мен ресурстарын бірінші кезекке қою және тиімді басқару мүмкіндігі.

М – мотивация: белгілі бір жұмыстың қажетті нәтижесін нақты түсіну; қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттерді тез бөле отырып, жұмыс қарқынын сақтай білу.

І – бастама, өзіңе жауапкершілік алу (initiative): білімді игеруге қажетті оқу процесіне белсенді қатысу (физикалық және психикалық тұрғыда).

2. Өз қабілеттеріңізге күмән келтірмеңіз

Көптеген студенттер қиын тапсырмалар алғанда оқып жатқан курсын немесе пәнді оқуға мүмкіндігі жоқ сияқты, мазасыздық пен күйзелісті сезінеді. Егер сіз осындай жағдайға тап болып, оқуыңыз алға баспай, ойларыңыз тығырыққа тірелсе, өзіңізді осы жағдайдан шығаруға тырысыңыз.  Алдыңызда тұрған сабақтан көңіліңізді басқаға аударып, өзіңізді әлемдік маңызы бар мәселемен бетпе-бет келген ғалым немесе өнертапқыш сияқты елестетіңіз. Сарапшының рөлін ойнау сізге тәжірибе жетіспеушілігі немесе “біреудің атағын пайдаланушы” синдромын жеңуге және тым қиын болып көрінген мәселені шешуге көмектеседі.

3. Барлық сезім мүшелеріңізді қолданыңыз

Тиімді оқу үшін ми әр түрлі дереккөздерден ақпарат алуы керек. Дайындық кезінде барлық сезімдеріңізді қолдануға тырысыңыз: көру, есту және сезу.  Денеңіздің бұлшықеттері оқу процесіне неғұрлым көп қатысса, мысалы, компьютерде теру, сөйлеу, сурет салу, спорт жаттығуларын жасау және оларды жиі ауыстырып отырсаңыз, сіздің миыңыз оқу қиындықтарын оңай жеңеді.

4. Уайымдамаңыз!

Шамадан тыс толқулар мен сарыуайымға салыну оқу үшін ең жақсы серіктес емес. Олардың зиянды әсерінен аулақ болу үшін, сіз қол жеткізгіңіз келетін нәтиже туралы ойлануға тырысыңыз, ол сіздің міндетіңіз емес, сіздің мотивацияңыз болуы керек. Емтихандар мен курстық жұмысты жазу қиын және жалықтыратын тапсырма болып көрінуі мүмкін, алайда олар сіздің қабілетіңізді көрсетеді және жақсы бағалармен қуантуы мүмкін.

5. Тәуелсіз болыңыз

Оқуыңыз ең жақсы нәтиже әкелсін десеңіз қол жеткізген деңгейде тоқтап қалмай, сабақ барысында алынған мәліметтермен шектелмеңіз. Ақпаратты өз бетінше табуға және талдауға үйреніңіз, алынған фактілер арасындағы байланысты табу арқылы зейініңізді жаттықтырыңыз. Белсенділік пен оқуға деген ықылас пен ниет – бұл тәлімгерлер мен ұстаздардың сізден күтетін қасиеттері.

6. Өз оқу стиліңізді табыңыз

Оқудың әр түрлі стратегиялары бар. Кейбір студенттер басқа сабақтарға қарағанда семинарларда командалық жұмысты жасағанды жақсы көреді, басқалары дәріс материалдарын талдап, егжей-тегжейлі конспекттерді жазуды ұнатады, ал тағы біреулері үйде немесе университет кітапханасының оқу залында өз бетімен жұмыс жасағанды ​​жөн көреді. Оқытудың көптеген стильдерінің әрқайсысы бірегей, сондықтан сіз өзіңізге сәйкес келетінін таңдап, бейімделуіңіз керек.

7. Сіздің еңбек жолыңыз университеттен басталады

Оқу барысында болашақта сізге көмектесетін дағдыларды алуға тырысыңыз. Университеттер командалық жұмыстың жақсы тәжірибесін, мәселелерді шешу мен шығармашылық ойлау дағдыларын және өзін-өзі ұйымдастырудың машықтарын қамтамасыз етеді. Бұл дағдыларды бекіту үшін өндірістік тәжірибеден немесе практикадан өтіңіз. Есіңізде болсын, сіздің оқуыңыздың басты мақсаты – кәсіби маман болып шығу, сіздің қабілеттеріңіз бен дағдыларыңызды болашақ жұмыс берушілеріңіз бағалайды.

8. Өзіңізді зерттеңіз

Сіздің жетістіктеріңізді, мақсаттарыңызды және дағдыларыңызды дамытуға көмектесетін қадамдарды тіркеу үшін өз-өзіңізді талдау әдісін қолданыңыз. Күнделік жазыңыз немесе сауалнама толтырыңыз, ол өзіңізді бағалауға және күшті және әлсіз жақтарыңыз туралы ақпарат алуға көмектеседі. Белгілі бір баға алу, ғылыми журналға мақала шығару немесе өз-өзіңізді тәртіпке келтіруді қадағалауды нығайту сияқты мақсаттар қойыңыз. Кейіннен жазбаларды үнемі қарап, толықтыра отырып, өзіңіздің жетістіктеріңіз туралы зерттеп, алдыңызға жаңа мақсаттар қоя аласыз.

9. Ақпаратты дұрыс қолданыңыз

Есіңізде болсын, сіздің дайындығыңыздың сапасы жауапта келтірілген фактілердің санына емес, қажетсіз, маңызды емес мәліметтерді елемей, алынған ақпаратты дұрыс талдай білуіңізбен бағаланады. Өз ойыңызды жүйелеуге тырысыңыз және жауабыңызда бұлтартпайтын дәлелдер келтіріңіз.

10. Өзіңізге демалуға рұқсат етіңіз Демалыссыз оқу тиімсіз. Ұзақ және үздіксіз жұмыс нәтижесінде пайда болатын шаршау сіздің талдау, анализ жасау дағдыларыңызды тежейді. Нәтижесінде, сіз зейініңізді шоғырландырудың орнына, естігеніңіз немесе оқығаныңыздың мәніне үңілмей тыңдайсыз  немесе оқисыз, сұрақ қоймайсыз, алынған білімді талдамайсыз, оны шынайы өмірмен байланыстырмайсыз. Сондықтан сабақ кезінде белсенді болу үшін күшіңізді үнемдеп, дұрыстап демалуға уақыт бөліңіз.

Дайындаған Бақытжан Салихов

144
Share

от bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *