Тырнақты тез нығайту және өсіру жолдары

Тырнақ кішкентай болғанымен ағзаңыздың маңызды бір бөлшегі. Оның әдемі және сау болуы үшін түрлі кеңестерге жүгінетініңіз сөзсіз. Тырнақты нығайту және өсіру үшін кейде тек қана жейтін тағамдарыңызды өзгерту жеткілікті.

Қатты, тегіс, жылтыр тырнақтар — жалпы денсаулық көрсеткіші. Бірақ кейде олар беріктігін жоғалтады. Көбінесе бұл мына себептерден болуы мүмкін:

• Қоректік заттардың жетіспеушілігі. Мүмкін сіз тамақтан қажетті дәрумендер мен минералдарды ала алмайсыз.

• Агрессивті химиялық заттарды қолдану. Бұл сапасыз лак, немесе құрамында ацетоны бар лак өшіретін сұйықтықты қолдану, әлде қолғапсыз ыдыс жуу әдетінен де болуы мүмкін.

• Жүйке шаршауы мен стресс те әсер етеді.

• Кейбір аурулардың салдары (себебін тек дәрігер маман ғана анықтай алады, сондықтан мақаламызда қарастырылмайды).

Тырнақ сынғыш болып, олардың айналасындағы тері зақымдалып, ұзын болып өспейтін жағдайды қарастырайық.

Тырнақ пластиналарының беріктігін қалпына келтірудің екі әдісі бар –  сыртқы және ішкі.

Тырнақтарыңызды ішкі жағынан қалай нығайтуға болады?

Healthline беделді медицина ресурсы тырнақтарды нығайтатын және сау ететін маңызды дәрумендер мен минералдардың тізімін берді. Олардың барлығы сіздің күнделікті тағамдарыңыздың бір бөлігі екеніне көз жеткізіңіз.

1. Биотин

Тырнақтардың ғана емес, шаш пен терінің де серпімділігі мен беріктігі осы В тобының (В7) дәруменіне байланысты. Биотин өз жұмысын тиімді атқаруы үшін ДДҰ күніне шамамен 30 мкг қабылдауға кеңес береді. Алайда ол одан да көп мөлшерде қажет болуы мүмкін.

Бір шағын зерттеуде тырнақтың сынғыштығына шағымданып жүрген еріктілерге күнделікті 2,5 мг биотин қосылған қоспалар берілді. Бірнеше аптадан кейін қатысушылардың үштен екісі (63%) тырнақтары едәуір қатайғанын хабарлады. Осыған ұқсас нәтижелері бар басқа да зерттеулер бар, сондықтан сіз биотинге сене аласыз.

Қайдан алуға болады?

Биотиннің жеткілікті мөлшері бар бірнеше тағам:

• ішек-қарын, әсіресе бауыр;

• жұмыртқаның сарысы (суда пісірілген);

• ашытылған сүт өнімдері – йогурт, сүзбе, қаймақ;

• ақсерке;

• бадам.

Сондай-ақ дәріханадан биотин қоспаларын алуға болады. Бірақ терапевтпен кеңесуді ұмытпаңыз: ол сізге В7 концентрациясының ең тиімдісін таңдауға көмектеседі.

2. В тобының басқа дәрумендері

Қазір біз фолий қышқылы (В9) мен В12 дәрумені туралы айтып отырмыз. Олар эритроциттерді шығаруда шешуші рөл атқарады – эритроциттер барлық мүшелер мен тіндерге, соның ішінде тырнақ пластинасына оттегін жеткізеді. Тырнақтардың қалыпты қарқынмен өсуі мен берік болуы үшін оттегі қажет.

Қайдан алуға болады?

Фолий қышқылының ең жақсы табиғи көздері:

• жапырақты көкөністер, әсіресе шпинат;

• құлпынай, қарақат, цитрус жемістері –  апельсин, лимон, грейпфрут;

• бұршақ дақылдары – бұршақ, үрме бұршақ, жасымық;

• жаңғақтар – бадам, орман жаңғағы, грек жаңғағы, кешью;

• теңіз өнімдері – устрица, моллюсктер, мидиялар;

• авокадо.

В12 витаминінің ең жақсы табиғи көздері:

• бауыр, әсіресе сиырдың бауыры;

• майлы балық – арқан балық (лосось), форель;

• сиыр еті;

• тауық жұмыртқасы.

Биотин сияқты, бұл дәрумендерді дәріханада сатылатын қоспалардан табуға болады. Бірақ мынаны ескеріңіз. Тырнақтың саулығына биотин қоспаларының пайдасы ғылыми түрде дәлелденгенімен, басқа дәрумендер мен минералдар қосылған диеталық қоспалар жақсы зерттелмеген. Сондықтан оларды сатып алуға ақша жұмсаудың қажеті жоқ шығар. Қоректік заттарға бай табиғи тамақты пайдалану жеткілікті.

3. Темір

Бұл микроэлементтер оттегіні өкпеден тіндерге, соның ішінде тырнақтарға тасымалдауға жауап беретін қандағы ақуыз – гемоглобинді өндіру үшін өте  маңызды. Егер сіздің тамағыңызда темір жеткіліксіз болса, сіздің ағзаңыз гемоглобинді өндіре алмайды.

Қайдан алуға болады?

Темірге бай тағамдардың тізімі:

• ет пен балық;

• бауыр және басқа ішек-қарын өнімдері – бүйрек, жүрек, сиыр желіні;

• шпинат, қырыққабат және басқа жасыл көкөністер;

•брокколи;

• бұршақ пен жасымық;

• тауық жұмыртқасы;

• жаңғақтар мен шемішкелер;

• кептірілген (қақталған) жемістер.

4. Магний

Жалпы алғанда дененің жай-күйіне әсер ететін 300-ден астам биохимиялық реакцияларға магний қатысады. Оның ішінде тырнақтың өсуі үшін маңызды ақуыз синтезі де бар.

Магний қолжетімді және оны тамаққа оңай қосуға болады. Осыған қарамастан, мысалы, Америка Құрама Штаттарында, магнийді күнделікті тұтыну мөлшерін (ер адамдарға тәулігіне 400-420 мг., әйелдерге 310-320 мг.) халықтың 60% -нан кемі ғана алады екен.

Қайдан алуға болады?

Магний мына тағамдарда көп кездеседі:

• тұтас дәннен жасалған нан мен жарма ботқалары;

• шпинат, қырыққабат және басқа да жасыл жапырақты көкөністер;

• жаңғақтар – бадам, кешью, жержаңғақ;

• киноа.

5. Омега-3 май қышқылдары

Олардың жетіспеушілігі тырнақтың құрғауы мен сынғыштығына әкелетіні белгілі.

Қайдан алуға болады?

Омега-3 май қышқылдарына бай тағамдар:

• майлы балық – лосось, форель, скумбрия, тунец, сардин;

• грек жаңғағы;

• жұмыртқа;

• чиа тұқымы;

• зығыр майы.

6. С дәрумені

С дәрумені тырнақтармен қоса дененің барлық тіндеріне серпімділік пен беріктік беретін ақуыз коллагенді өндіруге қажет.

С дәруменінің жетіспеушілігі тырнақтардың сынғыштығына және олардың өсуінің баяулауына әкелетіні анықталған.

Қайдан алуға болады?

С дәруменіне бай тағамдар:

• киви;

• цитрус жемістері – апельсин, мандарин;

• құлпынай;

• қара қарақат;

• тәтті қызыл бұрыш;

• жасыл көкөністер – қырыққабат, шпинат, қияр;

• жасыл көкшөптер – ақжелкен мен аскөк;

• қызанақ.

7. Мырыш

Тырнақтың өсуі жасушалардың бөлінуімен қамтамасыз етіледі. Ал мырыш – осы бөлінуге қажетті негізгі элементтердің бірі. Тырнақ қалыпты қарқынмен өсуі үшін, сонымен қатар күшті және сау болуы үшін ағзаға мырыш қажет.

Қайдан алуға болады?

Мырыштың көзі:

• жануар ақуыздары – ет (әсіресе сиыр еті), құс еті, балық, жұмыртқа;

• бұршақ дақылдары — соя, нұт, қара бұршақ;

• жаңғақтар – атап айтқанда, бадам мен кешью.

Тырнағыңызды сырттан қалай нығайтуға болады?

Ылғалдың жеткіліксіздігінен тырнақ пластиналары сынғыш болуы мүмкін. Құрғақтықтың себептері әртүрлі: ауа ылғалдылығының төмен болуы, агрессивті химикаттармен байланыс, мысалы, ыдысты жуғыш сұйықтықпен қолғапсыз жуу.

Яғни, тырнақтың беріктігін қалпына келтіру үшін оның ылғалдылығын қамтамасыз ету қажет, сондықтан ылғалдандырудың   кең тараған жолдарын бір тізімге жинадық.

Үйде тырнағыңызды қалай нығайтуға болады?

1. Майлы ванна қолданыңыз

Зәйтүн, кокос жаңғағы, жожоба, бидай ұрығы, майсана (кастор)  майларын қолдануға болады. Оны буда (су моншасында) дене температурасына дейін қыздырыңыз, сосын саусақтарыңыздың ұшын майға 5-10 минут батырыңыз. Содан кейін саусақтарыңызды майлықпен сүртіңіз. Құрғатпаңыз: кутикулалар мен тырнақтарда май қалсын. Бір жарым-екі апта бойы күн сайын қайталаңыз. Мұндай емдеуді 2-3 айда бір рет өткізіп тұру керек.

Негіз болатын майға сүйікті эфир майының бірнеше тамшысын қосуға болады, мысалы, лимон, лаванда, иланг-иланг, розмарин, шай ағашы майлары.

2. Майлы массаж жасаңыз

Тырнақтардың түбіндегі тырнақ матрицасы орналасқан аймақты уқалау оның қанмен қамтамасыз етілуін жақсартады. Бұл болашақ тырнақтың мықты және сау болып өсу мүмкіндігін арттырады. Массажды майлы ванналармен біріктіруге болады (тырнақтарыңызды майлықпен сүрткеннен кейін тырнақ түбін уқалаңыз) немесе оны бөлек күтім ретінде жасаңыз (кутикулаға сүйікті майыңызды жағып, сіңгенше уқалаңыз).

Массажды әр тырнаққа 1-2 минут жасаңыз. Массаж нәтижелі болу үшін оны күніне бір немесе екі рет орындау жеткілікті.

3. Тырнағыңызға бал арасының балауызын жағыңыз

Балауыз тырнақ пластинасын жылтыратады және оның үстінде ылғалдың булануына жол бермейтін жұқа пленканы қалыптастырады. Жұмсартылған балауызды бір жарым-екі апта бойы тырнақтарыңызға (немесе кутикулаларға) жағып уқалаңыз.

Дүкенде сатылатын өнімдермен тырнақты қалай нығайтуға болады?

Тырнақты нығайтуға уәде беретін көптеген өнімдерді супермаркеттер мен дәріханалардан табуға болады. Олардың көпшілігі жоғарыда көрсетілген үй әдістерімен бірдей мәселені шешеді: тырнақ пластинасы мен кутикуланы ылғалдандырады.

Бұл өнімдер әдетте екі түрде сатылады.

• Тырнақтар мен кутикулаларға арналған ылғалдандыратын май (маска). Майды тырнағыңызға тіпті лак немесе гель-лак жағылған болса да қолдануға болады: онымен тырнақтың кутикулалары мен тырнағыңыздың өсіп кеткен жерлерін өңдеңіз.

• Тырнаққа арналған қатты жабын. Ылғалдандырудан басқа, бұл лак тәрізді өнімдер тырнақты сыртынан қалың қабат жасай отырып механикалық түрде нығайтады. Олар лакқа балама бола алады.

Тырнақты нығайтатын өнімдердің құрамына басқа элементтер де кіреді. Әдетте, бұл:

• Кератин. Бұл ақуыз –  тырнақтың ғана емес, сонымен қатар шаштың негізгі құрылыс материалы. Жасанды кератин тырнақтың кішкене жарықтарын толтырып, оны біркелкі және тығыз етеді.

• Глицерин мен гиалурон қышқылы. Бұл қышқыл су молекулаларын тартады, яғни олар тырнақ пен кутикуланың ылғалдық деңгейін жоғарылатады.

• А, С, Е дәрумендері. Олар өсіп кеткен тырнаққа көмектеспейді. Бірақ тырнақ матрицасының жұмысын жақсартуға себін тигізеді, демек күшті және сау тырнақтың тез өсуін қамтамасыз етеді.

Тырнағыңыз берік болу үшін не істеу керек?

Mayo Clinic америкалық зерттеу клиникасының мамандары  тырнағыңызды берік және сау ұстау бойынша мынадай кеңестер береді:

• Қолыңызды суға көп салмаңыз. Ылғалдың шамадан тыс көп болуы да, оның жетіспеушілігі де өте қауіпті: сумен ұзақ байланыста болу тырнақтардың сынуына және жарылуына әкелуі мүмкін.

• Үй шаруасын атқарған кезде резеңке қолғапты қолданыңыз. Бұл сіздің тырнағыңызды жуғыш заттардың зиянды әсерінен қорғайды.

• Тырнақ тістеу, шайнау немесе оның айналасындағы теріні жұлу әдетінен арылыңыз. Олай болмаған жағдайда сіз тырнақ матрицасына ауру қоздыратын инфекцияны түсіруіңіз мүмкін. Бұл тырнақтың жұқаруына және әлсіреуіне әкеледі.

• Күнделікті қолыңызды ылғалдандыратын крем қолданыңыз. Оны тырнақтарыңызға және кутикулаларға да жағыңыз.

• Маникюрді, тіпті кәсіби маникюрді де, шамадан тыс жиі жасамаңыз. Зерттеу көрсеткендей, тырнақтың түсін жиі  өзгертетін адамдардың тырнағы құрғау мен сынғыштықтан зардап шегеді екен.

• Ацетон негізіндегі лак кетіргіштерден аулақ болыңыз. Есіңізде болсын. Қанша тырысқаныңызға қарамастан тырнақтарыңыз сынғыш болса немесе түсі, пішіні, құрылымы өзгерсе, тез арада дерматологпен байланысыңыз. Мүмкін, бұл ағзаңызда маңызды заттардың жетіспеушілігі немесе басқа да көңіл аударарлық ақаулардың көрсеткіші болар.

1441
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *