Фейнман әдісі: кез келген пәнді тез меңгеру

Фейнман әдісі арқылы кез келген пәнді тез меңгеру үшін үш қадам жасаңыз.

Физикадан Нобель сыйлығының лауреаты Ричард Фейнман кез келген тақырыпты тезірек және тереңірек түсінуге көмектесетін оқыту алгоритмін тұжырымдаған.

Мен ылғи жақсы оқушы болған емеспін. Мен білім алуда ең бастысы оған бөлінген уақыттың мөлшері деп санадым. Уақыт өте мен өмірімді өзгерткен әлдебір затты таптым.

Физикадан Нобель сыйлығының атақты лауреаты Ричард Фейнман «бір нәрсені білу» мен «бір нәрсенің атын білу» арасындағы айырмашылықты санасымен түсінген және де бұл жағдай оның табысқа жетуінің басты себептерінің бірі болған.

Фейнман оған басқаларға қарағанда құбылыстарды жақсы түсінуге мүмкіндік берген оқу формуласына тап болады. Бұл формула “Фейнман әдісі” деп аталып, ол сізге кез келген пәнді тереңірек және жылдам оқуға көмектеседі. Сіз зерттегіңіз келетін тақырып, пән немесе тұжырымдама маңызды емес. Қалағаныңызды алыңыз. Фейнман әдісі барлық жерде жұмыс істейді. Және, ең бастысы, ол өте қарапайым орындалады. Күлкі тудыратындай қарапайым.

Сонымен қоса бұл тамаша оқыту әдісі ғана емес, мүлдем басқаша ойлау тәсіліне ашылған есік.

Түсіндіруге рұқсат беріңіздер.

Фейнман әдісінде үш қадам бар.

1-қадам. Баланы осыған үйретіңіз

Таза парақты алып, не үйренгіңіз келетінін жазыңыз. Балаға түсіндіріп жатқандай осы пән бойынша білетін деректеріңізді жазыңыз. Сіздің ақылды ересек досыңызға емес, негізгі ұғымдар мен қарым-қатынастарды түсіну үшін жеткілікті сөздік қоры мен зейіні бар 8 жасар балаға арнап жазыңыз.

Көптеген адамдар бірдеңені түсінбеген кезде қиын сөздер мен кәсіби жаргондарды қолдануға бейім. Мәселе мынада, бұл жағдайда біз өзімізді ақымақ қыламыз, өйткені қандай затты түсінбейтінімізді  саналы түрде қабылдамаймыз. Жаргонды қолдану біздің түсінбеушілігімізді басқалардан жасыру үшін жасалған айла. Ойды басынан аяғына дейін бала түсінетін қарапайым сөздермен жазғанда (тек жиі қолданылатын қарапайым сөздерді қолданыңыз), сіз өзіңізге оның мәнін тереңірек түсінуге көмектесесіз және ұғымдар арасындағы қарым-қатынастар мен байланыстарды жеңілдетесіз. Егер сіз аздап күш салып тырыссаңыз, олқылықтарыңыздың қай жерде екенін анық көре аласыз. Бұл өте жақсы, бұл білім алу мүмкіндігін көрсетеді.

2-қадам. Қайталаңыз

Бірінші қадамды жасау кезінде сіз міндетті түрде біліміңізде бар олқылықтарға тап боласыз: бір жерде сіз маңызды затты есіңізге түсіре алмайсыз, маңызды ұғымдарды байланыстыруда немесе түсіндіруде қиындықтарға тап боласыз. Бұл өте маңызды, өйткені сіз өз біліміңіздің шекарасына жеттіңіз. Біліктілік — бұл өз қабілеттеріңіздің шегін білу деген сөз, қазір сіз олардың біреуін таптыңыз! Бұл білім алудың басталатын жері. Енді сіз мәселенің қайда жатқанын білесіз, сондықтан оны қарапайым сөздермен түсіндіре алғанша қайта оралып, оны жаңадан зерттеңіз.

Біліміңіздің шекарасын табу сіз жіберетін қателерді шектейді және біліміңізді қолдануда табысқа жету мүмкіндігін арттырады.

3-қадам. Ұйымдастырыңыз және қарапайым қылыңыз

Енді сізде өз қолыңызбен жазылған жазбалар топтамасы бар. Оларды қарап шығыңыз және бастапқы материалдағы кез келген кәсіби терминді жазбағаныңызға көз жеткізіңіз. Енді олардан қарапайым әңгіме құрастырыңыз. Оны дауыстап оқыңыз. Түсіндірме қарапайым болмаса немесе біртүрлі естілсе, бұл сіздің біліміңіз әлі де біраз жұмысты қажет ететіндігінің белгісі.

4-қадам (міндетті емес): Бөлісу

Егер сіз өз түсіндірмеңізге сенімді болғыңыз келсе, өз біліміңізді біреумен бөлісіңіз (ең дұрысы, ол адам бұл тақырыпты тіпті білмейтін болуы керек. Немесе 8 жасар баланы табыңыз!).

Пәнді білудің ең жақсы сынағы – осы білімді басқа адамға жеткізе білу қабілетіңіз.

125
Share

от bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *