Ішкі қарсылық және жақсы жаққа өзгеру мүмкіндіктері

Ішкі қарсылық дегеніміз не?

Көп адам, тіпті әлемдегі барлық адам  салыстырмалы түрде жақсырақ, байырақ, табыстырақ болғысы келеді, бірақ олардың аз ғана бөлігі табысқа жетеді: адамдардың 96% бұл мақсаттарына жете алмайды екен. Себептері көп.  Бірақ олардың негізгілерінің бірі — ішкі қарсылық.

Бұл терминді психоаналитиктер, когнитивті мінез-құлық терапевттері және HR мамандары қолданады. Тым тереңге үңілмей қарасақ, бұл адамның өмірінде бірдеңені өзгертуге кедергі келтіретін, оны түк істемеуге, қыңырлыққа, теріске шығаруға, терапия кезінде (егер ол психологқа барса) жабық болуға мәжбүрлейтін күшті  және көрінбейтін кедергіні білдіреді.

Біз бұл құбылысты үнемі кездестіреміз. Ол күнделікті өмірде былай көрінеді. Адам спортпен айналысқым келеді деп шешеді, алдына мақсат қояды, жаттығу жоспарын жасайды, ыңғайлы және әдемі форма сатып алады, гантельдер мен төсеніштерді де алуды ұмытпайды, әдемі  фигурасы бар адамдардың суреттерін көріп, толық мотивация алады.  Мүмкін ол екі-үш рет спорт залына барып, жаттығулар жасап та үлгереді.  Бірақ содан кейін – бәрі осымен аяқталады. «Мен қалаймын, барғым келеді», «қажет» және ақыл-ойдың басқа дәлелдеріне қарамастан, көрінбейтін күштер артқа шегінтіп, ештеңе жасауға мүмкіндік бермейтін сияқты әсер болады да, адам ешнәрсе жасамай қояды.

Біреулер  мұны жалқаулық деп есептесе, басқалары мотивацияның әлсіздігінен деп түсіндіреді. Бірақ шын мәнінде, бұл өзгерістерге негізінен қарсы тұратын біздің миымыз және түпсанамыз.

Ішкі қарсылық қалай туындайды?

Оның жүзі көп деуге болады. Кейбіреулеріне тоқтап өтейік.

Кейінге қалдыру және өзіңе ерегесу (қасақана қарсылық көрсету)

Енді мен бұл ойынның тағы бір кезеңін өтіп алайын, сонан кейін  міндетті түрде диплом жазуға, тапсырманы орындауға отырамын. Иә, тапсыру мерзімі ертең екені есімде, егер мен ештеңе тапсырмасам, мені оқудан шығарып жібереді. Бірақ мен түннің бір уағына дейін ойын ойнаймын және соңғы сәтте ғана жұмысқа отырамын. Отырмауым да мүмкін.

Жалтару және кейінге қалдыру

Жұмыста жоғарылау үшін маған ағылшын тілін жетілдіру керек еді. Бірақ қазір онсыз да жұмыс көп. Міне, солардың бәрін бітіріп тастайын, содан кейін бірден тіл үйренуге отырамын. Ал, әзірше, бұл туралы айтпай-ақ қояйық.

Перфекционизм

Мен кітап жазатын болсам,  ол бірден керемет болуы керек,  бірден «Букер» сыйлығына үміткерлер тізімінде болуы керек.  Жоқ, Нобель сыйлығын аулым керек. Осылайша кітабым миллион данамен басып шығарылады және бірінші күні  бақыттан басы айналып қуанған оқырмандар бәрін сатып алады. Не? Бұлай болмай ма? Онда мен де ештеңе жазбаймын.

Инерция және сылтау іздеу

Мен телефоныма үйде жасауға болатын спорт жаттығуларына арналған қосымшаны орнатқым келді, бірақ ол ақылы болып шықты. Айына 3000 теңге төлеу тым көп сияқты. Сіз, әрине, тегін жаттығуларды таба аласыз, бірақ бұлүшін оларды іздеу керек, таңдау керек, көріп шығу керек … Жоқ, мен басқа уақытта жаттығамын.

Зерігу

Мен интернет-маркетинг курстарынан өткім келеді, бірақ бірінші курста контекст жарнамасы туралы үйретпейді, екіншісінде оқу 10 мыңға қымбат, ал үшіншісінің мұғалімнің Facebook парақшасы сенімсіздеу сияқты. Жалпы, менің қолымнан келмесе қайтемін немесе кейінірек жұмыс таба алмай қалсам ше? Жоқ, бәрін дұрыстап ойланып, саралап алу керек, артықшылықтары мен кемшіліктерін тізіп шығу керек, салыстырмалы кесте құрастыру керек, содан кейін барып шешім қабылдауға болар.

Пессимизм

Мен эмиграцияға кеткім келеді,  басқа елде тұрғым келеді, бірақ бұл өте ұзақ, қиын және қымбат екен. Қолымнан келмейтініне  сенімдімін, сондықтан бастамай-ақ қояйын, тырысудың да қажеті жоқ.

Теріске шығару және қорғану

Мен бұл туралы көп ойланып, маған шын мәнінде жұмысты ауыстырудың қажеті жоқ екенін түсіндім. Жалақы тұрақты төленеді, жаманды жақсылы әлеуметтік қорғау бар. Қазір дағдарыс, жылы орнымда отыра бергенім дұрыс қой. Өсу жоқ па? Бұл маңызды емес, мен енді ол туралы алаңдамаймын.

Өзін-өзі сынау

Сен не ойлап отырсың? Биге барамын дейсің бе? Өзіңе қарасаңшы, сен ағаш сияқтысың, музыканы да, ырғақты да естімейсің. Би дейді ғой, сонда қандай биге бармақшысың? Адамның күлкісін  келтірмеші, бар да онан да  еденді жақсылап жуып шық.

Қорқыныштар мен блоктар

Мен бос параққа қарап отырмын, сурет салуым керек, бірақ не салу керектігін білмеймін. Егер мен бірдеңені сызып, сурет салсам,  ал ол жақсы болып шықпаса ше, басқалар күліп мені қатты сынауы да мүмкін ғой.

Біз неге қарсымыз?

Бұл біздің миымыздың құрылысына байланысты. Біздің миымыз осылай жұмыс істейді. Ол бізді түрлі қауіптен қорғайды және айналамыздағы тұрақтылықты сақтауға тырысады. Сондықтан эмоцияларға жауап беретін лимбиялық жүйе өмір сүру үшін ең қажетті функциялар тыныс алуға, қан айналымына, ұйқыға, бұлшықет реакцияларына жауап беретін мимен бірге — барлық ықтимал өзгерістерге қарсы, тіпті дұшпандықпен әрекет етеді деуге болады. Тәртіп пен ұзақ мерзімді жоспарлауға жауап беретін префронталь қыртысы  әрқашан негізгі ми орталықтарымен сәйкестене алмайды. Нәтижесінде біз қорқыныш, алаңдаушылық, депрессияны сезінеміз және өзімізді бейтаныс нәрсені жасауға мәжбүрлей алмаймыз.

Кейбір адамдарда дәрігерлер «белгісіздікті көтере алмау» деп сипаттайтын жағдай да бар. Ал мұндай адамдарда мидың қорқыныш пен үрейге жауапты аймақтары (миндалина, кортекс) ұлғаяды. Оған қоса тез қуаныш пен ләззат беретін дофамин туралы да ұмытпағанымыз жөн және дофамин рецепторларымыздағы өзгерістер біздің ерік-жігерімізді әлсіретіп, түрлі  азғырулар мен әлсіздіктерге қарсы тұруға кедергі болатынын да ұмытпаңыз.

Бізді тәрбиеміз  шектейді

Отбасында және қоғамда бізге сіңірілетін белгілі бір ережелер мен сенімдер бар. Олардың арасында зиянсыз немесе тіпті пайдалы да ережелер бар: «балаларға сіріңкемен ойнауға болмайды», «тамақ ішер алдында қолыңызды жуыңыз», «күдікті саңырауқұлақтар мен жидектерді жеуге болмайды» деген сияқты. Бірақ бізді артқа тартып, әрекет етуімізге кедергі келтіретіндері де бар, мысалы: «ақшасыз және таныссыз бәрібір ештеңеге қол жеткізе алмайсың», «қыздар математикадан есеп шығара алмайды, олар математиканы нашар біледі». Мұндай шектейтін сенімдермен күресу оңай емес, бірақ мүмкін екенін сенімді түрде айтамыз.

Дайындаған Бақытгүл Салыхова

1150
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *