Қиналудан арылып, қарбаластан демалуды қалай үйренемін? 7 кеңес

Қазіргі  уақытта «стресс» — аудармасыз да түсінікті, әркімге таныс сөздердің біріне айналды. «Үнемі күйзелісте өмір сүремін», «стресс денсаулыққа зиян», «күйзеліспен күресуді үйренуіміз керек» дегенді күнде еститін шығарсыз. Шынында солай! Жүйкемізді шаршатпау үшін біз күнделікті денемізді бос ұстап, еркін сезіну жолдарын іздейміз ғой. Бұл мақаламызда болашақта ауыр сырқаттардан аулақ болу үшін, сіздерге күнделікті өміріңізге енгізу керек шағын өзгерістерді еске саламыз.

1. Тыныс алыңыз және демалыңыз

Арнайы тыныс алу жаттығулары демалуға көмектеседі. Ыңғайлы отырыңыз, көзіңізді жұмыңыз, башпайыңыздан бастап, баяу жоғары қарай жылжи отырып, барлық бұлшықеттеріңізді босаңсытыңыз, соңында беттің бұлшықеттерін босаңсытыңыз. Мұрын арқылы баяу дем алып, қайта дем шығарыңыз. Бұл жаттығуды 10-20 минут жасаңыз. Бұлшықеттеріңізді босаңсыту мен оларға күш салуды алмастыра отырып жасаңыз.

2. Күн сайын көңілге сабырлық сыйлайтын музыка тыңдаңыз

Жанға сабыр әкелетін музыка немесе табиғат дыбыстарын тыңдаңыз, осындай әуендерді музыкалық аспапта ойнаңыз. Музыканы жұмысқа бара жатқанда, не одан қайтып келе жатқанда, түскі ас не жұмыс кезінде, жатар алдында күндізгі қарбаластардан үзіліс алып, ұйықтауға даярланғанда тыңдай аласыз. Музыканы жайлап тыныстау, дем алу жаттығуларымен үйлестіріңіз.

3. Көз алдыңызға бір нәрсені елестетіңіз

Демалу үшін жағымды нәрсені елестетуге тырысыңыз, позитивті аффирмацияларды қолданыңыз. Сізді тыныштандыратын бейнені табыңыз немесе позитив фильм көруіңіз.

4. Өзіңізге массаж жасаңыз

Мойынға, арқаға, аяққа және иыққа массаж жасайтын құрылғы сатып алыңыз. Дененің белгілі бір бөлігіне арналған ықшам құрылғыларды қолданып көріңіз. Массаж кезінде еркіндік сезімінің әсерін күшейту үшін терең тыныс алуды ұмытпаңыз.

5. Өзіңізге табиғи матадан жылытқыш жастық жасап алыңыз

Сізге табиғи талшықтардан (мақта, қой жүні) жасалған мата қажет болады. Одан 60×50 см көлеміндегі тіктөртбұрышты кесу керек. Тіктөртбұрыш матаны екіге бүктеп, екі ұшын тігіп (немесе желімдеп), бір жағын тігіссіз қалдырыңыз. Алынған қапты күріш немесе бұршақпен толтырыңыз және лаванда, эвкалипт немесе түймедақ сияқты эфир майының бірнеше тамшысын қосыңыз. Ашық шетін тігіңіз. Бұл жылытқышты мойын мен иыққа қоюға болады. Сіз оны алдын ала қыздыра аласыз немесе жай ғана майлардың хош иісінен ләззат ала аласыз.

Жылыту жастықшасын қолданбас бұрын, оны қоятын жеріңізге массаж жасауға болады. Сонымен қоса дем алу жаттығуларын жасауды ұмытпаңыз.

6. Хош иісті шомылуға арналған гель мен дене лосьонын қолданыңыз

Хош иістер демалуға, сабыр сақтауға немесе сергітуге өте пайдалы. Шомылуға  арналған хош иісті гель, лосьон немесе крем қолданыңыз. Түймедақ пен лаванда хош иістерінің сабыр сақтататын әсері бар, ал апельсин, лимон немесе жалбыз хош иістері сізге жаңа қуат бере алады.

7. Қозғалыңыз! Спорт денені жақсы күйде ұстауға ғана емес, демалуға да көмектеседі. Йога, би немесе жекпе-жек өнерін қолданып көріңіз – бұл денеңізді басқару, тыныс алу, бұлшықетке демалыс беру немесе күш салуға үйретеді.

Дайындаған Бақытжан Салихов

441
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *