Барт Муйарт «Бауырлар»
Барт Муйарт (1964 жылы туған, Брюгге, Бельгия) бельгиялық автор, фламанд (нидерланд) тілінде жазады. 19 жасынан бастап шығармалары жариялана бастаған. Ол өлең, роман, телеарналарға арнап сценарий, пьесалар да жазады. Қырықтан астам шығармасы жарық көрген. Барт Муйарт «Бауырлар» шығармасын жазды, оны 2017 жылы орыс тіліне Ирина Михайлова аударды. Барт Муйарт қазір Бельгияда Антверпен қаласында тұрады. Әдебиет саласындағы көптеген сыйлықтың лауреаты және номинанты.
Шығармашылығының бастауын 1978 жылмен байланыстырады, осы жылы ол радиода өзінің екі өлеңін оқып берген еді.
Қазіргі кезде шығармалары 22 тілге аударылған, оның ішінде орыс тілі де бар.
Барт Муйарт «Бауырлар» шығармасын Йос, Марк, Рик, Ян, Пат, Пауль және марқұм корольге арнайды. «Бауырлар» шығармасы – балалық шақ пен есею туралы ағайында жеті баланың оқиғасы. Үйдің ең кішісі жазушы болып, балалық шағындағы ерекше сәттерді еске түсіреді. Кітапты ашқаннан бір үйде жеті ұл деп таңғаласың. Ойыңа «бәрі шетінен бұзық болар, анасы қалай шаршап-шалдықпай жүр екен?» деген ой келеді. Жетеуі біріксе қай жердің болсын астан-кестеңін шығаратыны да сөзсіз.
Сипаттау басты кейіпкердің ұйықтауға жатып, бірақ бірден ұйықтап кетпей олай да, былай да аунақшып, табада жан-жағынан қуырып жатқандай дөңбекшіп, өзіне ыңғайлы күйді іздеуімен басталады. Сөйтіп жатып ағаларымен түрлі нәрсе туралы сөйлеседі: құлағының ешқашан шыңылдамағаны, сол алақанының қышымағаны, оның не білдіретінін туралы өзіне жаңалықтар ашып жатады. Сол қолың қышыса, ақшалы боласың, оң қолың қышыса, ақшаңды жоғалтасың. Бірақ кішінің аты кіші ғой, оның әлі ақшасы да болмапты. Сондықтан оны жоғалтпағаны да түсінікті. Ағалары «кейбір нәрсені адам туғаннан біледі, оны айтудың да қажеті жоқ» дейді. Өзі жаңа нәрселерді біле бастағанда, оның басында да түрлі қызық жайттар бола бастайды. Құлағы шыңылдап, алақаны қыши бастағанда, ағалары мұрнын сипалап отыр екен. Сонда кішісі: «Бұл да бірнәрсені білдіре ме?» – дейді. Сөйтсе «мұрның жыбырласа, сен туралы біреу ойлап жатқаны». Сол сәтте әкелері бөлмелеріне келіп, бәрінің желкелерінен шапалақпен сарт-сарт еткізіп, ұйқыға жатқызып кетеді.
Бір қызығы, үйдің ең кішісі басқаларын былай атайды: үйдің ең үлкені, ең тынышы, ең шынайысы, ең алысы, ең сүйіктісі, ең жылдамы. Балалар бәрін байқағыш, әкелері ойға шомғанда мүштігін ұстап темекісін тартатын. Балалар жақындамай алыстан бақылайтын. Бір күні мүштік мимен не істейтінін білгісі келіп, тәжірибе жасайды.
Ұлдар қызықты оқиғаларға асығатын жаратылыс болғандықтан, ылғи асығып жүреді, тамақты да жүре жейді. Тамақтарын тез жегендері сонша, анасы жаңа ғана не жедіңдер деп сұраса, тап-таза тәрелкелеріне қарап, «бәсе, не жеп едік?» деп таңырқайды. Сондықтан анасы оларға «асықпай, асықпай жейміз» деп естеріне салып отыратын.
Кейіпкеріміз үйдің кішісі болғандықтан кейбір нәрсені білмей де қалады. Ағаларынан сұраса, олар «ешнәрсе болған жоқ» дейді. Сөйтіп кейде «ешкім ешнәрсе туралы ештеңе білмейді». Қыс кетіп, көктем де келеді. Бұл үлкен тазалық уақыты еді, балалар көп кешікпей шаң, сабын көпіршіктері және азынақ болатынын білетін. Бір апта бойы анасы мен әжесі: «Соншама қоқыр-соқыр қайдан шығады? Ешнәрсені лақтырмайтын не деген адамдар?» – деп бұрқылдап жүретін. Балалар іштей «бұл ешқандай да қоқыр-соқыр емес, бұл жерде өте қажет бұрама сымдар, серіппелер, кесек темірлер, жәшіктер және тағы да басқа толып жатқан қажет заттар бар» дейтін.
Олар өтірік айтпайтын, шынайы еді, шынымен де үлкен тазалық кезінде тауып алғысы келетін заттары туралы әңгімелесетін. Ең кереметі тауып алып, бірден қолдануға болатын заттар. Мысалы, велосипед, қармақ немесе батарейкамен жүретін ойыншық пойыз. Бірақ олар әлі ондай ешнәрсе тапқан жоқ.
Бір күні олар бұрын болмаған қалаға келеді, әкесі қаланың өте үлкен, шуы көп екенін айтады, ал балалар «қорықпаймыз» дейді. Олар қаланы аралап жүреді, арасында балалар «адасып кетсек, анамыз берген таңғы асты жейміз» деп те ойлап үлгереді. Алаңдағы апыр-топыр адамның ішінен адасып қалмау үшін әкесін айналшықтап, алысқа кетпейді. Бір кезде бәрі тышқан көріп, уілдеп, гуілдеп артынан қуа бастайды. Жан-жаққа бытырап жүгірген балалар тышқанды ұстай алмаса да, алаңды басқа қырынан көреді, ол бұрынғыдай үлкен, түсініксіз емес еді.
Бір күні әкесі ұлдарымен тиімді мәміле жасайды: балалар бір тәрелке брюссель орамжапырағына бір тілім жер сатып алады. Олар бір тәрелке брюссель орамжапырағын жеуі керек. Сол үшін шөбі бар, не гүлі бар, не жай ғана ешнәрсесі жоқ жер таңдауына болатын. Ағалары гүлі бар жер таңдайды. Ең кішісі «Неге шөбі барын алмады, ол жерде қоян болуы мүмкін еді. Неге жай жерді алмады, ол жерге шөпті де, гүлді де өсіруге болады?» деп ойлайды. Бірақ ағалары өз пайдасын білетін еді, олар сатып алған бөлікте өсіп тұрған түймедақтарды қиып алып, көршілеріне барып сатады, ақшасын кедей балаларға (яғни өздеріне) жұмсаймыз деп айтады.Содан соң олар салат пен ақжелкен отырғызып, оны суарады.
Бір күні ағалары ауырып үйде қалғысы келеді, сондықтан түрлі айла жасайды: қолтықтарының астына пияз салады, мойындарына суық сулы сүлгі қояды, аяқкиімдеріне картон салады, олар картон организмдегі суды сорып алады деп ойлайды. Бірақ ең кішісінің іші пысып, ауырғысы келмейтінін айтып кетіп қалады да, сол күнгі қызықты бір өзі көреді, әкесімен супермаркетке барады, машинамен қыдырады, анасының дәмді құймақтарын жейді. Ал қалғандары өтірік ауырып бөлмелерінде жатады.
Тағы бір күні сыртқа итті де қумайтын ауа райында балалар далаға өз еріктерімен шығады. Бәрі жабылып әжесіне көмектесіп, үйді топан судан құтқарады. Балалардың үйіне юфрау Стевенс келеді. Оның жанында әкесі лилипут, анасы – үлпек, ал балалар балапанға ұқсап қалатын. Балалар Стевенстің көңілін барынша табуға тырысатын, өйткені ол жетім және оның бұл әлемде бірде-бір жақын адамы жоқ еді. Олар бірге ойнап, әңгімелесіп, түрлі сұрақтарына жауап табатын. «Африкада қойлар бар ма? Сиырлар бүкіл әлемде бірдей мөңірейтіні рас па?» деген сұрақтар да бауырларды мазалайтын.
Балалардың анасы барлық иісті сақтайтын: кешке ұйқыға жатарда анасы келіп маңдайларынан сүйіп, беттерін сипағанда, анасының қолы арқылы осы күннің барлық иісін сезетін. Бір кезде балалар әкесіне тән иісті іздестіре бастайды, басында олар әкесінің ешқандай иісі жоқ немесе тек темекінің иісі бар болар деп, бір-бірлеп барып тексеріп көреді. Балалардың жасаған қорытындысы: анасы әдемі, жақсы иістерді сақтайтын болса, әкесінен жақсы дыбыстар ғана шығады, бірақ оның да өзіне тән жақсы иісі барына сенімді.
Тағы бірде ағайындылар ерекше бірнәрсе ойлап табу керектігін айтады. Өйткені олардың жасында басқалар клависинде өзі шығарған музыканы ойнаса, тағы біреуі сурет салып танымал болған. Олар кез келген сәтте жаңа нәрсе ойластырып, бірнәрсе жасап жүретін. Шөпте жатып, аспанға қарап, қиялдайтын. Үйдің кенжесін барлығы еркелететін, тыңдайтын, ойнайтын, оған түсіністікпен қарайтын, өйткені ол өзіне өмірді енді ашып, жаңа нәрсені күнде сіміріп жатқан еді.
Олар жетеуі бірге жүретін, бір жерде отыратын, іштері де бірге пысатын. Олар тұратын қалашықта бұл отбасын барлығы білетін, әрбіреуінің есімін, қылығын, қызығушылығын, тіпті сенбі сайын олар құймақ жейтінін де жасыра алмайтын.
Анасы кейде балаларын «жалқаулар» деп атайтын, бірақ олар ешқандай да жалқау емес еді: өздерінше зерттеу жүргізіп, тәжірибе жасайтын. Міне, олар үлкен бақаны зерттеп жатыр: неге дымқыл, терлей ме, сүйелдер қайдан шыққан? Сырттан қарағанда олар ешнәрсе істемей, ерігіп тұрған сияқты, бірақ шын мәнінде олардың қолы бос емес еді.
Құмнан үй салуы, ваннаны теңіз деп елестетуі, қараңғылықпен ойнауы, машинамен саяхатқа шығуы, бәрін білгісі келуі, жарыстары, бірінші болуға тырысуы, кейде тілазар болып, бетімен кетуі – бәрі, бәрі балалықтың естен кетпес сәттері. Автор осының бәрін жеңіл, күлкілі тілмен, тәпіштеп тұрып айтып береді. Осы жеті ағайынды дәл сенің көршің сияқты, тіпті өзің де солардың ішінде жүргендейсің.
Бақытты балалықтың қандай болатынын осы бауырлардың бастан кешкен оқиғалары арқылы біле аласыздар.
Барт Муйарт «Бауырлар» шығармасын жазғанда қандай керемет сезімде болса, оны оқып отырған біз де сондай әсер алатынымыз сөзсіз.
Дайындаған Бақытгүл Салыхова