35 келі үміт

Бүгін сіздерге француз жазушысы Анна Гавальданың «35 келі үміт» романы туралы айтып берейік.

Анна Гавальда (Anna Gavalda; 9 желтоқсан 1970 жылы туған, Булонь-Бийанкур) — танымал француз жазушысы.

«35 келі үміт» шығармасын  Анна Гавальда  2002 жылы жазды.

Сонымен «35 келі үміт» деген атауды оқып ойыңызға не келді? Неге  35 келі? 35 келі не болуы мүмкін? Үміттің салмағы сондай болғаны ма? Жалпы үміттің салмағы бар ма?

Сонымен кітапты ашқанда «Атама және Мари Тондельге арналады» деген сөздерді оқисыз. Ары қарай суретпен араласқан баяндау басталады.

Бірінші беттегі атасының суретінің астында мына сөздер жазылған:

«Мектепті жек көремін.

Қатты жек көремін.

Тіпті, дүниедегі ең жек көретін нәрсем…

Ол менің бүкіл өмірімді құртты.»

Қызық па? Шошып кеттіңіз бе? Сіздің осылай айтуға дәтіңіз бара ма? Мен, жоқ дер едім. Мен «Мәссаған. Бала да осылай айта ма екен?» дейтін болармын.

Сонан кейін біз әңгімелеп отырған баланың үш жасқа дейін бақытты өмір сүргенін естиміз. Ол түрлі ойындар ойнаған, қонжық туралы мультикті қатарынан он рет көрген, сурет салған, Гродудуға арнап миллион түрлі шытырман оқиға ойлап тапқан. Гродуду деген оның сүйікті күшігі еді. Анасы оның бірнеше сағат бойы өз бөлмесінде тапжылмай отырып ойнаудан жалықпайтынын, өзіммен-өзі сөйлесіп, тынбай былдырлай беретінін  естиміз.

Бірақ үш жарым жасында өмірінде күтпеген жерден өзгеріс болады!  Ол мектепке барады. Басында мектепке бару идеясы ұнағандай болады, жаңа киім, сөмке, бәрі ерекше, бірақ біраз уақыттан кейін бармаймын деген қиғылық басталады. Анасы оны ұрсады, тіпті бір рет шапалақпен тартып жібереді.

Осы оқиғаны, яғни оның мектепке бармаймын деп қырсыққанын  ата-анасы достарына, тәрбиешілерге, мұғалімдерге, психологтарға, логопедтерге және кәсіби бағдар беретін кеңесшілерге, бәріне айтып шыққан еді.

Ал кітапта оның он үш жастағы кезі сипатталады. 13 жаста алтыншы сыныпта оқиды. Бірақ ол екі рет бір сыныпта екінші жылға қалып кеткен. Екінші сыныпты екі рет оқыды, енді алтыншыны да екінші рет оқып жатыр.

Ары қарайғы өмірін бала былай сипаттайды: «Осы мектепке бола үйімізде күнде айқай. Анам жылайды, ал әкем маған айғайлайды, немесе керісінше, анам ұрсады да, әкем үндемей отырады. Оларды осындай күйге түсіргеніме мен де қиналамын. Бірақ қиналғанда не істей аламын? Оларға не деймін? Мен оларға ештеңе айта алмаймын, себебі аузымды ашсам болды, жағдай одан әрі қиындап кетеді. Олар тотықұс сияқты бір айтқанынын қайталай береді: сондағы айатындары «Еңбектен!»

Ол өзінің қиындықтарын бір нәрсемен түсіндіреді: оған қызық емес.

Ол «Иә, түсінемін ғой, түсінемін. Қанша дегенмен соншалық топас емеспін. Еңбектенуден қашпаймын да, керісінше, қуана-қуана еңбектенер едім, бірақ қырсыққанда түк шықпайды. Мектепте оқытатын дүниенің бәрі – мен үшін қытай әліпбиі сияқты. Ата-анамның мені апармаған дәрігері қалған жоқ: көзімді, құлағымды, тіпті, миымды да тексертті. Босқа қаншама уақыттарын құртты, дәрігерлердің қорытындысы бойынша, менің ең басты мәселем – ықыласымның жоқтығы. Оны өзім де білемін.Ол үшін ана дәрігер, мына дәрігерге бармай-ақ, өзімнен сұрамай ма, не болып жүргенін өзім білемін ғой. Менің жағдайым жақсы. Денім де сау. Ол жағынан ешқандай мәселе жоқ. Жай ғана маған қызық емес. Қы-зық е-мес. Бар болғаны сол.»

Оның ең бақытты кезі және оқуды жақсы көрген кезі балабақшаның жоғарғы тобында болғанда еді. Сол бір жыл ғана. Оның тәрбиешісі Мари апай керемет еді, оны ешқашан ұмытпайды. «Мари қолөнермен, әртүрлі заттар жасаумен айналысу үшін мектепке жұмысқа орналасады. Өйткені ол осыны жақсы көретін. Мен де оны бірінші күннен бастап жақсы көрдім. Ол өзіне көйлекті өзі тігетін, жемпірді өзі тоқитын, әшекей бұйымдарды да өзі жасап алатын. Біз оның тапсыруымен күн сайын үйден бірдеңе алып келетінбіз: папье-машеден жасалған кірпі, сүті бар бөтелке ұстаған марғау, жаңғақ қабығы ішіндегі тышқан, зырылдауықтар, суреттер, аппликациялар… Ол нағыз тәрбиеші болатын, біз Маримен тек аналар мерекесінің қарсаңында ғана емес, үнемі қуана-қуана жұмыс істейтінбіз. «Өз қолыңмен бір нәрсе істеген күн – текке өтпеген күн» деп айтатын Мари үнемі. Қазір ойлап қарасам, бақытты да бейқам сол бір жылдан кейін менің бақытсыз күндерім басталыпты. Себебі мен дәл сол кезде өте қарапайым бір нәрсені ұққанмын: дүниедегі барлық заттың ішіндегі маған ең қызықтысы – әр нәрсені жасауға қабілетті өзімнің қолдарым.»

Яғни басты кейіпкеріміз барлығын өз қолымен жасағанды ұнатады. Ол оқуды тек өз қолымен жасаумен ғана байланыстырады, содан рахаттанады.  

Осыған дейін әңгіме басты кейіпкеріміздің атынан айтылып жатқан соң, оның есімін білмей отырмыз. Ол тіпті де маңызды емес болар. Бірақ мұқият оқырман оның есімін Мари апайы оған сыйлық берген кезде біліп алады. Кейіпкердің есімі Грегуар, ал Мари апайы оған «Шеберлерге арналған 1000 түрлі іс» деген қалың кітап сыйлайды.

Осы әңгіме барысында біз Гругардың қатты тырысуы керек екенін және неге тырысуы керек екенін білеміз. Өйткені ол сыйлыққа берілген кітапта не жазылғанның бәрін оқуы керек. Мари апайы оған жақсы педагогикалық мінездеме береді: «Бұл баланың басы елек сияқты, қолдары алтын, жүрегі кең. Егер тырысса, одан бірдеңе шығады», – деп жазыпты. Грегуардың айтуынша бұл – оның жұрт алдында ұстаздар тарапынан өмірінде бірінші әрі соңғы рет жылы сөз естуі еді. 

Грегуардың мектеп туралы және ол туралы басқалардың не ойлайтыны туралы ойы да қызық. Ол былай дейді: «Негізінде, мен мектепті көп адамдардың ұнатпайтынын білемін. Мысалы, сіз менің: «Мектепті жақсы көресіз бе?» деген сұрағыма не деп жауап берер едіңіз? Басыңызды шайқайсыз. Өйткені жақсы көрмейтініңіз түсінікті. Бұл сұраққа әсіре жағымпаздар ғана «иә» деп жауап берер. Немесе күнде барып өзінің қабілетін тексергісі келіп тұратын «ботаниктер» ғана. Жә, оны қойшы… Осы айтылғандарды кім шын жүрегімен жақсы көреді? Ешкім де. Ал кім шын жүрегімен жек көреді? Олар да көп емес. Аз, бірақ бар. Ал мен сияқтыларды «жалқау», «миғұла»  деп атайды, біздің үнемі ішіміз ауырып жүреді.»

Ол ата-анасының қарым-қатынасы туралы да айтады. Ол туралы оқу қиындау, өйткені олар ылғи ұрысатын және ұрыстың себебі Грегуар болатын, ол былай дейді: «Менің ата-анам бір-біріне төзе алмайды, күнде кешкісін міндетті түрде ұрысқысы келіп тұрады, тек олар қайтіп бастарын білмейді де, соған мені пайдаланады. Мен өзімнің нашар бағаларыммен сыныққа сылтау тауып беремін. «Бұған сен кінәлі, бұған сен кінәлі!» дейді олар бір біріне.»

Грегуар ата-анасының ұрысынан мезі болады, тіпті оны сөзбен айтып жеткізе алмайтын еді. Әке-шешесі айғай шығарған кезде ойша құлағын тарс жауып алады да, дәл осы сәтте құрастырумен айналысып жатырмын деп ойлауға тырысады. Мысалы, легодан жұлдызды әскерлер үшін ғарыш кемесін немесе тіс пастасын сығатын аппарат жасап жатқандай немесе ағаш конструкторынан алып пирамида құрастырып отырғандай немесе басқа бірдеңе жасап жатқандай елестетіп, соны ойлауға тырысатын.

Әрине, осындай көңіл-күймен қалай сабақ оқуға болады, мүмкін емес қой.

Басты кейіпкеріміз өзінің жайын айта отырып, ата-анасын мақтап қоюды да ұмытпайды. Ол «Менің ата-анамды «оңбағандар, балаға күн бермейді» деп ойлап отырсыз ғой, иә? Жоқ, олай емес, олар – тамаша адамдар, өте тамаша адамдар.» дейді.

Кейін біз оның ең жек көретін сабағы дене шынықтыру екенін білеміз, оның себебін де түсіндіріп береді.

Бірақ Грегуардың басынан қандай жағдай өтіп, не қиыншылық көрсе де оны Леон атасы жұбататын. Леон атасының қоймасы – оның бар өмірі, баспанасы және Али-баба үңгірі. Әжесі аздап мезі қыла бастаса, атасы екеуі жайлап тұрып кетіп қалатын, ойланып тыныштық табатын жерлері еді.

Леон атасы он саусағынан бал тамған шебер адам, оған қоса басы да жақсы істейді. Мектепте өте жақсы оқыған. Ол математикадан да, француз, латын, ағылшын тілінен де, тарихтан да – барлығынан алда жүрген. Он жеті жасында Франциядағы ең қиын да күрделі жоғарғы оқу орны Жоғарғы политехникалық мектепке оқуға түскен. Одан кейін көпір, айналма жол, жерасты жолы, бөгеттер сияқты аса ірі нәрселерді салған.

Мектепте екінші рет бір сыныпта қалғанда атасы Грегуармен үлкендерше сөйлеседі. Оған «анаңнан жағымсыз жаңалық естідім», дейді.

Сонан соң: «Мен сені түсінбеймін.  Сен мектепті жек көре тұра, сол жерде ұзақтау қалудың бар амалын жасайсың… Сен ел ойлағандай соншалықты ессіз емессің гой. Әлде сондайсың ба? Ештеңе істемеу үшін «қолымнан түк келмейді» деп айта салу саған, әрине, оңай! Енді ше!  Мен сондай жексұрын едім дей салу да оңай! Ал сосын? Жоспарың қандай? Жетіде, сегізде, тоғызда да жылдан-жылға қалып, отызға жеткенде бір-ақ аттестат алайын дедің бе? Мен сені мүлдем түсінбеймін.  Бұдан былай Леон атаңа арқа сүйемейтін бол! Мен  мақсатына өз бетімен жететін адамдарды жақсы көремін, түсінікті ме? Шағым айтқыш жалқауларды, оның үстіне нашар тәртібі үшін мектептен шығып кететіндерді жек көремін! Естідің бе, жек көремін!  Қарашы бұны, ал мен сені қорғап жүрмін… Үнемі қорғаштаймын! Ата-анаңа саған сенетінімді айтып, жақтап та қоям! Бақытқа ұмтылғаннан гөрі бақытсыз бола салу оңай, ал мен жеңіл жолды таңдайтындарды ұнатпаймын, естідің бе, ұнатпаймын. Сенің де қыңқыл-сыңқылыңды көтере алмаймын! Алға қарай ұмтылсайшы! Бақытты болу үшін бірдеңе жасасайшы!»

Осы сөздерден кейін Гругуар далаға қашып кетеді.

Сөйтіп оны мектептен шығарып жібереді және қыркүйектен бастап ешқандай мектеп оны қабылдағысы келмейді. Осы кезде ол бір нәрсемен айналысу үшін үйдегі заттарды жөндеп, түрлі нәрселер жасап қояды, анасы риза болады.

Оған қоса анасы да, өзі де мектеп іздейді. Түрлі мектепке хат жазады. Жаз бойы жұмыс істеп, көршілерге көмектесіп, атасымен бірге жүріп көп нәрсе үйренеді, тіпті екі жүз еуро ақша табады. Бірақ оны алаңдатқан бір нәрсе болады. Ол атасының денсаулығы. Соңғы кезде атасы көп жөтеліп, демала алмай, отырып қала беретін болған.

Атасы оны Тотоша деп атайтын. Соңында Грегуарды пансионға оқуға жібереміз деп шешеді. Сол кезде атасы онымен тағы сөйлеседі:

«Грегуар, сенші маған, мен саған тек жақсылық тілеймін. Сені пансионға жіберу менің ойым болатын… Анаңа мен айттым. Маған олай қарама. Жаңа жерге барып, сергіп, біраз уақыт басқа жерде боласың, өзің үшін жақсы болады. Әйтпесе, ата-анаң саған тіпті дем алуға мүмкіндік бермейді. Сен олардың жалғыз ұлысың, жарық сыйлап тұрған, өмірлерінің мәні сенсің. Сенен көп нәрсе талап ете отырып, саған зиянын тигізіп жатқанын өздері де білмейді. Жоқ, түсінбейді. Меніңше, оларға екі есе қиын… Саған бас салғаннан бұрын өздерінің мәселесін шешіп алғандары дұрыс.»

Атасының сөзінен кейін Грегуар жылап жібереді, атасы оны жұбатады, екеуі бір жұмысты аяқтайды. Әке-шешесімен сөйескен кезде таңдайтын мектебін көрсетеді және ол жерге хат жазып жібергенән білеміз. Ол мектеп Баланстың солтүстігінен отыз шақырым жердегі Граншан техникалық лицейі. Бірақ ол жерде сабақ үлгеріміне қарай қабылдайды екен.

Біраз уақыт өткеннен кейін ол тағы хат жазады.

«Құрметті Граншан мектебінің директоры!

Мен сіздің мектебіңізде қатты оқығым келеді, бірақ ол мүмкін емес, себебі менің сабақ үлгерімім өте төмен.

Мен жарнамадан Сіздің мектебіңізде слесарлық және ағаш шеберханасы, информатика бөлмесі, жылыжай және тағы басқалары бар екенін білдім.

Баға  өмірдегі ең маңызды нәрсе деп ойламаймын. Меніңше, адам өмірде өзіне не қажет екенін білгені маңызды.

Сіздің мектебіңізде оқығаным дұрыс деп ойлаймын. Мен толыққанды адам емеспін, менде бар-жоғы 35 келі үміт бар.

Жақсылықта жүздескенше, Грегуар Дюбоск.

№1: Мен алғаш рет мектепке өздігімнен сұранып тұрмын, өзіме не болғанын түсінбеймін, ауырып қалғанмын ғой деймін.

№2: Мен Сізге банан тазалайтын машинаның сызбасын жіберіп отырмын. Мен мұны 7 жасымда ойлап таптым».

Сөйтіп осы хатты мектепке жібереді. Солай жүргенде күзгі демалыс басталады. Каникулдан қайтқанда оны анасы қарсы алып екі жаңалық айтады. Біріншісі жақсы: оны мектепке қабылдапты, бірақ ол емтихан сияқты бірнәрсе тапсыруы керек. Екінші жаңалығы нашар: оның атасы ауырып қалыпты.

Ол мектепке емтихан тапсыруға бара жатқан жолда қатты ойланып атасына «Өлмеші. Қалшы. Сен маған керексің. Шарлотта әжеге де керексің. Ол сенсіз қалай өмір сүреді? Сенсіз оған өте қиын болады. Мен ше? Өлмеші. Сенің өлуге құқың жоқ. Мен әлі кішкентаймын. Сен менің өсіп келе жатқанымды көргеніңді қалаймын. Менімен сөйлесіп үлгерші. Мен енді ғана өмір сүруді бастадым. Сен маған керексің. Сен менің үйленгенімді және балаларымның болғанын көрсең деп едім. Менің балаларым саған барып отырғанын қалаймын. Балаларым да сенің ісіңді жақсы көрсе деп едім.» деп ойша айтады.

Емтихан тапсырып отырғанда ол қасында атасы тұрып оған кеңес бергендей әсерде болады, атасы оған былай істе, мынаны жаз, ары қарай, сенің қолыңнан келеді, енді мынау деп жетелеп отырады. Емтиханнан шығып үйіне келсе, ешкімнің көңіл-күйі жоқ, өйткені атасы ес-түссіз күйге түскен екен.

Грегуарды  Граншан мектебіне қабылдайды, ол киімдерін жинап кетіп қалады. Атасы туралы хабар болса, оған хабарлайтынын айтады.

Жаңа мектепте оны жақсы қарсы алады, сурет пен еңбек сабағында оған тең келетін ешкім болмайды. Бәрі одан келіп көмек сұрайтын. Ең қиыны дене шынықтыру болды, балалар оған күлетін, бірақ табалап, мазақтамайтын.

Аптасына бір рет анасымен телефон арқылы сөйлесіп тұратын. Оның өмірі жаман емес еді, бірақ бақытты болмады. Ол Леон атасына ешқандай көмек көрсете алмайтыныма қатты қынжылатын. Ол үшін тауды қопарып тастар еді. Ол атасын қолына көтеріп алып, көкірегіне қысып  жер шарын айналып шығуға дайын еді, не болса да көнер еді, тек қана оны құтқаруға мүмкіндік болса болды, бірақ бәрібір ешнәрсе істей алмайтын болған соң, ешнәрсенің мәні жоқ еді. Тек қана күту керек.

Бір күні дене шынықтыру сабағында арқанға шығу тапсырмасы болады. Алты жастан бастап осындай арқанға шығуға талпынса да бірде-бір рет  шыға алмаған еді. Ешқашан.

Бірақ осы күні ол арқан байланған бағананың ұшар басына қарады да:

– «Ата, тыңдашы! Менің қолымнан келеді. Мен мұны сен үшін істеймін. Сен үшін, естимісің?» – деп сыбырлайды.

Жайлап жылжып келе жатыр, үшінші түйінге жеткенде бұдан әрі жылжи алмайтынын түсінеді, бірақ одан да бетер тістеніп, әлжуаз қолдарымен алға жылжи береді. Төртінші түйін. Бесінші. «Бітті, қазір жібере саламын. Бұл қолымнан келмейді. Жоқ, болмайды, мен сөз бердім ғой! Мен ышқына аяқтарымды қаттырақ тірей түстім. Жоқ, бітті, әлім келмейді. Қолдарым босай бастады. Осы кезде мен балаларды көрдім – бүкіл сынып бағана жанында тұрды, алыста, төменде. Біреуі:

  • Дюбоск, мықты бол, берілме! Алға!-деп айқайлады.

Тағы да күшеніп тырмысуға тура келді.  Тер көзімді басып кетті, қолым жанып жатқандай.

– Дю-боск! Дю-боск! Дю-боск! – деп ышқына айқайлап жатты оны қолдаған балалар.

Бірақ олардың қолдауы жеткіліксіз еді. Осы кезде ол атасымен сөйлесе бастайды «Ата, қарашы, бұл менмін! Мен саған өз күшімді жіберіп жатырмын. Мен саған өз ерік-жігерімді жіберіп жатырмын. Бәрін ал. Бәрін ал! Олар менен гөрі саған керек. Өткенде сен маған біліміңмен көмектесіп едің, ал мен саған өзімде бар нәрсемен көмектесемін: менің жастық жалынымды, албырттығымды, менің демімді, әлсіз болса да, мықты бұлшықеттерімді алшы. Ата, алшы! Бәрін алшы… Өтінемін» дейді. Сөйтіп соңына дейін жетеді. Төмен түскенде балалар оны қағып алып, лақтыра бастайды, барлығы қуанышты еді.

Осыдан кейін Грегуарды ауыстырып қойғандай болады. Батыл, табанды бола бастайды. Жұмысқа деген ашуы оянады. Қойған мақсатқа жетпейінше тынбайтын талапкер адамға айналады. Осыншама күш қайдан шығып жатқанына өзі де таңданады. Күнде кешке басқалармен бірге теледидар көрудің орнына, кетіп қалып, дала, орман, ауылды асып кететін. Ұзақ жаяу жүретін. Асықпай және терең тыныс алатын. Ішінен ылғи бір нәрсені ғана қайталай беретін: «Осының бәрін алшы, ата. Мына таза ауамен тынысташы. Демалшы. Мына жер мен тұманның иісін иіскеші. Мен осындамын. Мен сенің өкпеңмін, сенің деміңмін, сенің жүрегіңмін. Мен саған көмектесемін. Бәрін алшы!». Бұл қолдан дем алдыру сияқты еді, тек қашықта жасалғаны болмаса.

Бір күні анасымен сөйлескенде, атасында өзгеріс жоқ, сондықтан дәрігерлер оның өмірін жалғап тұрған аппаратын өшіргілері келгенін айтады. Содан кейін Грегуар өзгеріп шығады, бәріне салғырт қарайды, қалай болса солай жұмыс істеп, уақытын ойынмен бос өткізе бастайды. Ешкіммен сөйлеспейді. Өмірді жек көреді. Ол үшін атасы өліп қалғандай болады. Ата-анасы телефон соққанда оларға жауап бермейді. Бірақ бір күні қызық жағдай болады, ол ұйықтап жатқанда оны тұрғызып төменге түсуін сұрайды. Сөйсе төменде оны атасы күтіп тұр екен. Жүгіріп келе жатып, кішкентай бала сияқты, еңіреп жылайды. Сөйтіп «35 келі үміт» романы аяқталады, осындай қуанышты хабармен аяқталғаны қандай жақсы.

Сонымен «35 келі үміт» романынан үміті бар Грегурады түсінген боларсыздар. Ол әлемді тануға түсінуге тырысады, оның айналасында өзін түсінуге тырысатын адамдардың болғаны, оның үмітінің өшпегені қандай жақсы. 

Мейірімді, күлкілі, кейде аянышты, жылататын осындай шығарманың болғаны, Анна Гавальданың оны жазып шыққаны, бізге «35 келі үміт» болып жеткені, оны оқыған адамдар бірдей болмаса да ұқсас сезімдер сезінгені, жанындағыларды түсінуге тырысқандары, бәрімізді мейірімді ете түседі. Сіздер де оқып, өз ойларыңызбен бөлісіңіздер.

Дайындаған Бақытгүл Салыхова

437
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *