Тілді тез және тиімді үйреніңіз

«Тілді тез және тиімді үйреніңіз» қағидасын басшылыққа алуға кеңес беретіндерді, зерттеушілер мен мамандардың ақыл кеңестерін жиі оқып отырамын. Кейбір кеңестер электрондық пошта арқылы да келіп тұрады.

Солардың бірі Николай Замяткин деген кісінің электрондық пошта арқылы тарататын ақпараттық хаттарына жазылған болатынмын. Анда санда сол кісіден түрлі кеңестер, жеке зерттеулері, ой-толғаныстары, сонымен қатар,  әрине,  жарнама да келіп тұрады.

Мен ол кісінің ұсынған сабақтарын сатып алмасам да, ұстанатын әдістемесін (матрицалық әдістеме) қолдаймын және тіл үйренуге септігін тигізетін жолдардың бірі деп ойлаймын.

Бүгінгі «ақпараттық  хатында» мынадай ойларды қозғапты. Бұл еркін аударма болғандықтан, өз тарапымнан қосқандарым да бар.

«Шет тілін меңгеру барысында  ең маңызды әрекеттердің бірі ол сол тілде сөйлейтін адамдардың сөйлеуін қайталау.

Қайталауды ДАУЫСТАП және ҚАТТЫ (дауысыңызды шығарып) сөйлеу арқылы жүзеге асыру керек.

Бұған дәлел ретінде  Борис Сергеевтің «Мидың қарама-қайшылықтары»(«Парадоксы мозга») кітабынан дәйексөз келтіреді:

«Әртүрлі травмалар мен аурудың әсерінен мидың зақымдануы көбінесе сөйлеу мотор орталығының (яғни Брок аймағы немесе Верникенің дыбыс қабылдағыш орталығының) жұмыс істемеуіне әкеліп соғады. Осының әсерінен туындайтын сөйлеудің бұзылуында бір қарағанда көп ұқсастықтар бар.

Көп жылдар бойы мотор орталығының жұмыс істемеуінен тек қана сөйлеу қабілеті бұзылып қана қоймай, сонымен бірге оның мағынасын түсіну де бұзылатыны  жұмбақ болып келді.

Қазіргі кезде ғана сөйлеуді қабылдау үшін қозғалысты бақылаудың маңыздылығы түсінікті бола бастады.

Кішкентай балалар тек қана сөйлеуді үйренбейді (яғни дыбыстарды айтуды), сонымен бірге оны қабылдауды (түсінуді де) үйренеді. Бұл екі процесс бір бірімен тығыз байланыста болатыны сонша, олар бір бірінсіз толыққанды жүзеге аса алмайды.

Әрбір жаңа сөзді бала міндетті түрде қайталауы керек, сонымен бірге ол сөзде кездесетін дыбыстарды, сөзді дыбыстау барысындағы тіл мен көмейдің қозғалыс реакциясын  талдап салыстырады.

Біздің миымызда жекелеген фонемалар мен сөздер олардың «қимылдық» және «дыбыстық» көшірмелері ретінде сақталады, бірақ фонемалардың «қимылдық» бейнесі (образы) «дыбыстығына»  қарағанда маңыздырақ.

Сөйлеудің дыбыстық орталығының қатысуынсыз фонемалар мен сөздердің  «дыбыстық» көшірмесін қолдану мүмкін емес, сондықтан сөйлеуді қабылдау біржақты және толық болмай қалады.

Сөйлеудің моторлық орталығының проблемалары болғанда кейбір дыбыстарды айту әсіресе көп қиындықтар туғызады. Мысалы, «л» мен «н», «д» мен «т»,  «б» мен «п» әріптерін дыбыстау кезінде қиындықтар туындайды немесе оларды ылғи шатастырады. Оларды дыбыстау қиын, сондықтан айтқанын түсіну де мүмкін емес.

Қорытынды: егер сіз қандай да бір тілді үйрене бастасаңыз ең маңызды қадамдардың бірі, ұзақ уақыт бойы сұхбаттарды (диалогтарды) тыңдауыңыз қажет. Екінші қадамыңыз дауыстап және бірнеше рет әр сұхбатты оқуыңыз керек

Осы екі әрекет сізге тілді тезірек меңгеруге, яғни басқа тілде сөйлейтін адамды оңай түсінуге  және акцентсіз еркін сөйлеуге мүмкіндік туғызады.

Осы принциптерді басшылыққа алыңыз, сонда нәтижеге тезірек  жетесіз».

Тілді тез және тиімді үйреніңіз.

507
Share

От bilimpaz

3 комментария для “Тілді тез және тиімді үйреніңіз”
  1. Өте дұрыс айтасыз, диалогтар көмектеседі. Мен де кейбір онлайн курстарға жазылып қойғанмын, көмегі көп тиеді.

  2. шыныменде дұрыс айтылған бірақ көп адамдар мысалы мен сияқтылар даусын шығырғысы келмей жай ғана іштей қайталаса оның еш пайдасы болмайды ма?

  3. Іштей қайталағанның пайдасы аз болады. Өйткені ол тек қана сіздің көзбен мәтінді қабылдауыңызға септігін тигізеді. Сөйлеу үшін сіз оны даусыңызды шығарып айтуыңыз керек, сіз өз даусыңызға үйренуіңіз керек және басқа тілде бір нәрсені айтқандағы даусыңызға да үйренуіңіз керек. Осыдан келіп өзіңізге деген сенімділік пайда болады, мен айта аламын екен ғой деген ой келеді. Көп адамдардың «мен білемін, бірақ айта алмаймын», «мен түсінемін, бірақ айтуға ұяламын» дейтіндері осыдан. Диалогты дауыстап оқығанда немесе жаттап алып айтқанда сіз өзіңізді сол жағдаятта тұрғандай сезінесіз (сезінуіңіз қажет). Сондықтан ешкімнен ұялмай, ешнәрседен қысылмай дауысыңызды шығарып жаттығыңыз,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *