Шотландияға сапарым: 20-күн

Бүгін дүйсенбі, жақсы күн, жұмыс күні. терезеден қарасам жаңбыр жауып тұр, күн бұлтты.  Жаңа пәтерден бірінші рет жұмысқа барайын деп жатырмын, өкінішке орай бүгін жүгірмедім, еріншектігім ұстап қалды ғой. Қашан өзгеремін, айтқан соң істеу керек қой.

Бірақ жаяу жүрген қатты ұнайды, Глазгода жаяу жүре бергің келеді. Бұл жақсы әдет болып қалыптасса екен.

Жиналып үйден шыққанша, жаңбыр да тоқтапты, жақсы болды, сонда да қолшатырымды сөмкеме салып алдым. Алдын ала жасап қойған жоспарым бойынша түсте Глазго университетіне барып тағы екі курсқа жазылуым керек.

Сонымен жұмысқа келіп өз орныма жайғастым, қажет сайттардың бәрін ашып қойдым, енді Стивтің тапсырмасын күту керек. Стив жұмыста жоқ, орнына Люси келіп тапсырманы айтып кетті.  Осындағылардың жұмыс стилін аздап түсіне алмай жатырмын, бәрі алдын ала жоспарланғандықтан болар, біреу бар, біреулер шаруасымен кеткен болар, бірақ қайда кеткендерін білгім келеді 🙂

Жұмыста әлі ешкіммен жақын дос болмадым, олар да өздері тартып сөйлеспейді. Айтпағым бірге шай ішіп, тамаққа баратын адам жоқ, бірақ оған қатты қиналып жүрген жоқпын, тамақты аз ішуге, тіпті мүлде ішпеуге көшкен сияқтымын.

Университет жұмысыма жақын ғой, Ашық курстар орталығына барып екі курсқа жазылдым, ауа райы құбылып тұр, жаңбырдан кейін күн шықты, сіркіреп жаңбыр жауды, қайтадан тоқтады, тағы сіркіреді, қолшатырды ашып жабудан шаршадым, иә, су өткізбейтін күрте алып, тынышталу керек сияқты.

Университетің шағын кафесі бар, студенттерге шай, бутерброд тағы бір нәрселерді арзандау сатады. Тек студентпін десең болды. Студенттік билетіңді көрсет деп жатқан ешкім жоқ, сөзіңе сенеді. Басқа студенттер өздерінің әкелгендерін сол жерде отырып жейді, немесе кітабын оқуы мүмкін, жазуын жазуы т.с.с.

Курсқа жазылдым, шайымды іштім, жұмысқа қайтып келдім.

Арасында үзіліс жасап, Единбург университетінде болатын EduWiki конференциясына тіркеліп, отыз паунд жарнасын төледім (студентпін деп жиырма бес паунд төлеуге болатын еді, бірақ қойшы дедім :))

Содан онлайн төлеу жүйесі арқылы толтырған формада қаланың пошта кодын дұрыс жазбай бірнеше рет қайта толтырдым, енді пошта кодын қалай жазу керектігін үйреніп алдым 🙂

eduwiki

 

Негізі осы конференцияға былтыр барғым келген, ол кезде үш күн бойы Кардифте болған еді. Әртүрлі себептермен бара алмай қалдым, енді міне жол түсіп тұр. Тіркелгеніме көп болған жоқ, поштамды тексерсем, осы конференцияны ұйымдастырушылардың бірі Тонидан хат келіп тұр. Былтыр біраз хабарласқан болатынмын, конференцияға барғым келгенде. Сөйтсем мені ұмытпапты, конференцияға тіркелгеніңе рақмет, конференцияда кездескенше деп хат жазып жіберіпті. Яғни тіркелген адамдарды қарап, ескеріп отыратын болғандары ғой.

Күнде кешке істейтін жұмыстарым: онлайн курс тапсырмасын орындау, осы аптада алдыңғы аптада жазған эсселерге пікір беру басталды, яғни ереже бойынша курсқа қатысатын үш адамның эссесіне баға беруің керек, ол жерде бағалау үшін сұрақтар қойылған, соларға жауап беруің керек, алдымен, әрине, эссені оқып аласың. Қызық та, қиын жұмыс. Өйткені сенің бағалауың маңызды, әртүрлі үш адамның бағалауынан адамның орташа бағасы шығады. Жауапкершілік деген өте жоғары, өтірік мақтауға да, тым төмендетіп бағалауға да болмайтын сияқты. Барынша бейтарап жазуға  тырыстым. Қалған екі бағалауды ертеңге  қалдырдым.

Бұл жақта телевизор жоқ, сондықтан интернеттен кино көре бастадым. «Lie to Me» фильмін көріп жүрмін, жақсы фильм. Бұрын да аудармада біраз серияларын көргенмін, бірақ енді түпнұсқада көріп жүрмін. Тілді жаттқтыруға жақсы мүмкіндік. Күнделікті өмірде қолданбайтын, бірақ сөздік қорыңда болуы керек бірақ сөздер, тіркестер шығып жатыр.

Түн, әртүрлі нәрселерді оқып жатырмын. Диснейдің мына сөзін бірнеше рет оқыдым: «Walt Disney: “We don’t make movies to make money, we make money to make more movies”» ОООО, қандай жақсы сөздер, мұны мен өзіме қарай өзгертім былай айтқым келеді, болашақта, жақын күндері , онлайн курстарды жасау арманым орындалады ғой, сонда мен Диснейдің сөзін өзгертіп былай дер едім: “We don’t make online cources to make money, we make money to make more online cources”.

Глазго, Шотландия

дүйсенбі, 06.10.2014

531
Share

От bilimpaz

3 комментария для “Шотландияға сапарым: 20-күн”
  1. Сәлем,Баха! Тамақтану керек. Ас — адамның арқауы. Жылы киініп жүр.
    Деніңіз сау, еңбегіңіздің жемісті болуына тілектеспіз.
    «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, толағай табыстар тілейміз!

  2. жұмыстағыларың Қазақстан туралы ешнәрсе сұрамайды ма? қызығушылығы жоқ не деген халық өздері )) сурет ілсеңші көбірек

    1. Иә, бәрі, мені де қосқанда жұмыстан басымызды алмаймыз 🙂 Көп сұрамайды Қазақстан туралы. Қайта курсқа барып жүрген жерімде Робин деген қыз бар, сол қызығып сұраған, әсіресе әдебиетке, балалар әдебиетіне байланысты. Бұйыртса, балаларға арналған short story жазып шығамын ғой 🙂

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *