1 қаңтар Бақылау мен таңдау

Райан Холидей, Стивен Хансельман жазған «Күнделікті стоицизм» /Данышпандық, күш-жігер және өмір сүру өнері туралы 366 ойтолғау/ кітабынан аудармалар ұсынамын.

Өмірдің басты міндеті қарапайым: Мен өзіме мынау сыртқы күштің әсерінен болатын нәрсе және оған мен әсер ете алмаймын, ал мынау маған байланысты, яғни мен таңдау жасай аламын деп заттарды, нәрселерді анықтап және бөліп қоямын. Сонда мен жақсылық пен зұлымдықты қай жерден іздеймін? Маған бағынбайтын сыртқы әлемнен емес, менің ішкі әлемімнен, менің жеке таңдауымнан іздеймін*.

Эпиктет. Сұхбат. 2.5.4-5

Стоиктердің философиясындағы ең маңызды нәрсе — біз өзгерте алатын нәрсені, біз өзгерте алмайтын нәрседен ажырата алу. Біз не нәрсеге әсер ете алатынымызды, не нәрсеге әсер ете алмайтынымыздан бөліп тастау. Егер ұшақ рейсі ауа райының нашар блғандығынан кейін шегеріліп жатса, онда ешқандай айқайшу, әуе компаниясының өкіліне бағытталған ешқандай қорқыту, ауа райын жақсартып, боранды баса алмайды. Сіз қанша қалағаныңызбен сіздің бойыңыз тым ұзарып не тым қысқарып қалмайды және сіз басқа елде дүниеге келе алмайсыз. Қанша тырыссаңыз да сіз өзіңізге басқа адамды ғашық қыла алмайсыз, тіпті ол үшін бәрін істесеңіз де, ол адам осыны қалауы керек. Оған қоса осы жүзеге аспайтын мақсаттардың бәріне жұмсаған уақытыңыз, өзгертуге болатын нәрсеге жұмсалмаған болып шығады, яғни бос кетеді.

«Аноним маскүнемдер» қауымдастығы жан тыныштығы үшін мынадай дұға қолданады: «О, алла, мен өзгерте алмайтын нәрселерді қабылдай алатын жан тыныштығын, өзгерте алатын нәрселерді өзгертуге күш-жігер, осы екеуін бір-бірінен ажырата алуға даналық бере гөр**». Қандай да бір тәуелділілігі бар ересек адамдар бала кезінде өздеріне жасалған жаман әрекеттерді болдырмай қоя алмайды немесе бас тарта алмайды. Олар бір кезде жасаған таңдауларынан бас тарта алмайды немесе тигізген зиянды дұрыстай алмайды. Бірақ олар бойында қазір бар күшінің көмегімен болашақтарын өзгерте алады. Эпиктет айтқандай, олар қазір жасап жатқан таңдауларын басқара алатын мүмкіндіктері бар.

Дәл осы нәрсе бізге де қатысты. Егер біз өзіміздің құзырымызда не бар, не жоқ екенін анықтап алсақ, онда тек қана бақыттырақ қана болмаймыз, оған қоса жеңе алмайтын шайқасқа қатысып жатқандарын түсінбейтін басқа адамдардың алдында басымдығымыз да болады.

* Бұл кітапта Холидей стоиктердің қазіргі заманға сай жасалған аудармаларын әдейі қолданады. Бұған дейінгі жасалған аудармалар архаикалық және екіұшты болғандығын атап өтейік.

** Бұл дұғаның алғашқы жолын Карл Нибур 1934 жылы жазған. Бұл дұға «Аноним маскүнемдер» қауымдастығы өздерінің «Он екі қадам» айығу бағдарламасына қосып, қолдана бастаған кезден бері танымал болды.

Аударма жасаған: Бақытгүл Салыхова (01.01.2022 жыл)

507
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *