Бізді кедей ететін 12 ой

Басымызға келетін ойлар біздің іс-әрекетімізге әсер етеніні сөзсіз. Кейбір ойлар бар байлығымызды оңай құртып, ақшасыз қалуға итермелейді.

1. Өй, қойшы, бар болғаны 500 теңге!

Атақты  «500 теңгеге Алматының кафелерінде түскі ас ішуге болады» деген сөздер баяғыда келемежге айналып кетті ғой. Алайда бұл сомаға ештеңе сатып алуға болмайды, немесе бұл ақша емес деп ойлау қателік. Айына бір рет керек емес затқа 500 теңге жұмсасаңыз, әрине, сіздің қаржыңызға ештеңе болмайтын болар. Бірақ бұл ой басыңызға күн сайын немесе күніне бірнеше рет келетін болса, онда сіз өзіңіз байқамай қомақты соманы құртып тастауыңыз мүмкін. Санап қараңыз, күніне үш рет 500 теңгеден құртсаңыз, аптасына бұл 10500 теңге, айына 42000 теңге болып шыға келеді. Ал айлығыңыз 200000 теңге болса, табысыңыздың 21%-н текке құр бос жұмсағаныңызды білдіреді.

2. Не істейсің, өмір бір рет беріледі

“Күнделікті сауық-сайран құрып майда-шүйдеге ақша жұмсама” деп айтсаңыз, сізге, көбінесе, “өмір жалғыз, қазір алмасам (істемесем) қашан аламын (істеймін)” деген жауапты естисіз. Бұл ойды кредитке той өткізетін, үйі жоқ болса да қымбат машина мінуге тырысатын, байлығы болмаса да байсынатын адамдардан жиі естуге болады. Шыныда да өмір жалғыз, бірақ медицина жетістіктерінің көмегімен өмір ұзарады ғой. Сондықтан ақшаңызды байыппен қолдану болашағыңыздың, он, жиырма, отыз жылдан кейін жайлы өміріңіздің кепілі болады. Осыған ұқсас тағы бір ой “мен оған (өмір сүріп) жетпеймін”. Ал егер жетсеңіз ше? Сонда қартайған шағыңызда жалғыз пенсияңызға қарап құр қол отыруға дайынсыз ба?

3. Арзан екені көрініп тұр ғой!

Түрі арзан екен деп, бағасын сұрамай сатып алу қателік. Өйткені сіз таңдаған жүз теңгелік болып көрінген қияр Италияда қолдан өсірген органикалық таза бағасы екі мыңнан асатын көкөніс болып шығуы мүмкін. Одан да бағасын алдына ала біліп, өз жүйкеңіз бен ақшаңызды сақтап қалыңыз.

4. Қымбат екен, бірақ қайтаруға ұят қой!

Жоғарыда аталған Италия жерінде өсірген қиярды кассаға дейін апардыңыз дейік. Бірақ сол жерде бағасын білген соң, алғыңыз келмей қалды. Бірақ “ойбай, мені бір ақшасы жоқ жарлы екен деп ойлап қалмасын” деп, қайтаруға ұялып сатып алдыңыз. Міне, осындай “ұяты бар” адамдар көбінесе алаяқтық сатудың құрбаны болады. Ондай адамдарды әр түрлі презентацияларға шақырып, бір сағат тауардың керемет артықшылығын айтып, кейін “ал енді сатып алыңыз” деп өте қымбат бағаны айтады. “Бұл маған қымбат” деп айтуға ұялғандар, әрине, сатып алуға мәжбүр болады. Негізінде “бұған менің ақшам жоқ” немесе “бұл маған өте қымбат” деп айтудың ешқандай ұяты жоқ! Алдыңызға қойылған бағамен келіспей, сатушыға “жоқ, алмаймын” деп айтуға үйреніңіз.

5. Тағы да науқан ба? Бұл тек қайыршылар үшін ғана!

Мұндай тәкапарлық ойдың райда болуында әркімде өз себебі болуы мүмкін. Науқан кезінде зат сатып алу ақша үнемдеудің керемет әдісі. Өйткені керек затты сіз бәрібір сатып аласыз, алайда бір аптадан кейін қымбатырақ алғанша, науқан кезінде шегеріммен алған сіздің әмианыңызға пайдасын тигізеді.

6. Шегерім туралы хабарлама келді, бағасы арзандаған кезде тез сатып алу керек!

Жоғарыда науқанға қатыс десек, енді шегерімдердің артынан қумаңыз дегіміз келеді. Өйткені көптеген шегерімдер сауда көлемін көтеру үшін жаслады, арзанға ұмтыламын деп керек емес немесе бір рет қолданатын затты сатып алуыңыз мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда үнемдегеннен, ақшаны тіпті құртпаған тиімдірек!

7. Тегін жеткіземіз дегенге алданбай, сатып алу керек

Бұл сауда көлемін ұлғайтудың тағы да бір амалы. Алданып қалмау үшін математиканың көмегіне жүгініңіз. Мысалы, онлайн дүкенде сіз таңдаған затты жеткізу 1000 теңге тұрады, сатып алатын затыңыздың бағасы 6500 теңге дейік, тегін жеткізу үшін сіз 10000 теңгеден аса бағаға сауда жасауыңыз керек. Егер сіз тегін жеткізуге ұмтылсаңыз онда тағы да 3500 теңге жұмсап, жоспарламаған немесе керек емес затты сатып алуыңыз керек. Ал мұндай бағадағы заттар болмаса сіз одан да көп соманы жұмсауыңыз мүмкін. Ал енді санап көрсеңіз, жеткізу үшін 1000 теңге төлеп, сіз артық 2500 теңге төлеуден құтыласыз.

8. Қалтам көтермейді ау… Мүмкін несиеге алайын ба?

Ақылмен қолданса несиенің жаманы жоқ. Өміріңіздің сапасын жақсартатын қымбат заттарды немесе пайда әкелетін, жұмысыңызға керекті құрал-саймандарды сатып алуға несие алсаңыз бір жөн. Алайда көз қызықтырар, бедел көтерер заттар мен сауық-сайранға несие алудың мүлдем қажеті жоқ!

9. Екеуін алсаң біреуі тегін! Аламын!

Басыңызды қосып тағы да математиканы көмекке шақырыңыз. Бір дүкеннен алған үш бірдей аяқ киімді қайтесіз? Екі заттың бағасын төлегеннен бір заттың бағасы арзан емес пе? Жоғарыда айтқандай былай үнемдегенен, ақша жұмсамаған артық!

10. Жүруге ерінемін! Такси жалдайық, үйге жеткен соң дайын тамаққа тапсырыс берейік!

Такси қызметтері мен үйге тапсырыс жеткізу қызметтері соңғы кезде сұранысқа ие және де олардың ақысын қосымшалар арқылы төлеу де өте оңай. Аяқасты сатып алуларды осындай қызметтер арқылы жасағаныңызды сіз тіпті байқамай да қаласыз. Сондықтан бір кештік жалқаулық үлкен шығынға айналып кетуі мүмкін екенін ұмытпаңыз.

11. Жарайды, осы бола берсін, бұдан жақсысын таппаймыз!

Қазақ халқы “Таңдаған тазға жолығады” десе де, қазіргі заманда таңдау барда одан бас тартпау керек. Алайда таңдағаныңыз табылмаса, “бізге осы да жарайды” деп зат сатып алудың керегі жоқ. Өйткені көңіліңіз толмайтын затты сіз кейін кимейсіз, ал ақшаңызды жұмсап қойдыңыз. Оның орнына келесі жолы дүкенге тағы да бір келіп немесе жаңа түсімді күтіп өзіңізге ұнаған, қуанышпен қолданатын затыңызды алыңыз.

12. Қалай келді – солай кетті

Біздің жұрт оңай келген ақшаны оңай шашуға дайын тұрады. Өйткені  еңбексіз келген қаржыны тез арада жұмсап қою керек деген наным бар. Бұл  ойдан тез арада арылу керек. Ұтыс ақшасы, жұмыста берген үстеме сыйақы, туған күнге жиналған сыйлық ақша – бұның бәрі сіздің болашақ қаржы көзінің негізіне айналуы мүмкін. Бұл ақшаны сауық-сайранға құртқанша, ипотеканы жабуға, жаңа іс ашуға, немесе банк депозитін ашуға жұмсаған жөн.

Дайындаған Бақытжан Салихов

449
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *