Питер Тиль

Питер Тиль – ұлты неміс америкалық кәсіпкер, PayPal негізін қалаушылардың бірі, венчур инвесторы, филантроп және жазушы.

Питер Тиль Стэнфорд заң мектебінің түлегі, ол жұмысын сот хатшысы болып бастаған,  бағалы қағаздарды сатудың құқықтық жағын қамтамасыз етумен айналысқан, спичрайтер ​​және трейдер болған.

1996 жылы ол Thiel Capital компаниясын ашып, ал 1999 жылы PayPal компаниясының негізін қалаушылардың қатарына енді.  Ол 2002 жылы eBay-ге 1,5 миллиард долларға сатылғанға дейін PayPal компаниясының бас директоры қызметін атқарды. Тиль компаниядағы үлесі үшін шамамен 55 миллион доллар алды.

2004 жылы Тиль Facebook-тің бірінші сыртқы инвесторы болды. Ол акциялардың 10,2%-ын 500 мың долларға сатып алды. 2012 жылы Тиль әлеуметтік желідегі акцияларының көп бөлігін 1 миллиард доллардан астамға сатты, бірақ Facebook директорлар кеңесіндегі орнын сақтап қалды.

Питер Тиль –  Clarium Capital хедж-қорының, Valar Ventures, Mithril Capital венчурлық қорларының негізін қалаушы. Тиль өзінің қайырымдылық істерін Thiel Foundation қорының көмегімен қаржыландырады. Сонымен қатар, ол Илон Масктың «аса қуатты жасанды интеллект ойлап табу идеясы адамзат өмірінде кері қайтуға болмайтын өзгерістерге, мүмкін тіпті адамзаттың құрып кетуіне әкеліп соқтырады» деген қорқыныштарын жақтайды.

2015 жылы ол қауіпсіз жасанды интеллект дамыту үшін Маск пен Сэм Альтман негізін қалаған OpenAI коммерциялық емес ұйымын қаржыландыруға қосылды.

Тиль сонымен қатар стартаптар мен болашақ кәсіпкерлерге көмектесуге дайын. 2015 жылдан 2017 жылға дейін ол әйгілі Y Combinator бизнес-инкубаторының серіктесі болды. Ал 2010 жылы ол өзінің атымен аталатын Thiel Fellowship стипендиясын белгіледі. Бұл стипендия –  университетте оқудың орнына өз ісін ашу үшін 20 жастағы жиырма жасөспірімге жыл сайын 100 мың доллар бөлуді көздейді. Тильдің айтуынша, жастар университетке көбінесе  өз өмірімен не істерін білмегендіктен ғана түседі.

«Заңгер болғым келген уақытты есіме түсіре отырып, бұл болашаққа арналған жоспар емес, сол кезеңнің сылтауы болды деп ойлаймын. Бұл барлығына – ата-анаға, әріптестеріме, ең бастысы өзіме – алаңдайтын ештеңе жоқ екенін түсіндірудің бір жолы болды. Мен дұрыс жолдамын. Бірақ, ақырында, менің басты мәселем – оның қайда апаратынын ойламай осы жолға түскенім», — деді ол Гамильтон колледжінің 2016 жылғы түлектерінің алдында сөйлеген сөзінде.

Тиль — Facebook, Microsoft, eBay, Twitter, LinkedIn мысалында табысты бизнес құру стратегияларымен және ең бастысы, өзінің PayPal компаниясындағы бірегей жұмыс тәжірибесімен бөлісетін «Нөлден бірге дейін» деп аталатын танымал бизнес кітабының авторы.

445
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *