Бүгін facebook-теМеруерт Махмутованың жазбасын оқыдым. Ол Aibolat Kushkumbayev жазбасын бөліскен екен. Маңызды деп санаған соң, қазақшаға аудардым.

Aibolat Kushkumbayev, 15 мамыр, 10:01

«Подосокорский: 1975 жылы Франциско Франко қайтыс болғаннан кейін Испанияның жаңа билігі диктатурадан демократияға өтуді тездетуге тырысып, «Ұмыту (естен шығару) пактісі» деп аталатын шарт жасады. Рақымшылық (амнистия) заңына сәйкес террор жасаған қылмыскерлердің бәрі жауапкершіліктен босатылды. Испания өткен қайғылы тарихымен татуласу, ымыраға келу жолын таңдады. 1970 жылдары нацистерді жаппай соттаған Германиядан айырмашылығы, жергілікті саясаткерлер Азамат соғысы мен 36 жылдық диктатураны ұмытуды ұсынды. Билік осылайша республикашылдар мен ұлтшылдардың дауын өткен шақта қалдырып, әрі қарай өмір сүруге болады деп шешті.

Оскар Айбардың 2021 жылы шыққан «Ауыстыру» (El sustituto) фильмі бұл тәсілдің неге жұмыс істемейтінін және ұмытудың еш пайдасы жоқ, керісінше қауіпті екенін нық сеніммен көрсетеді.

1980 жылдардың басы. Полиция қызметкері отбасымен бірге Мадридтен жағалаудағы шағын қалаға көшіп барады. Ұйқылы-ояу жатқан курорт қалашығында ешқандай оқыс оқиғаның белгісі де жоқ еді.  Бірақ инспектор айналада жағымсыз нәрселер болып жатқанын тез байқайды. Қонақ үйлердің бірінде тек қана егде жастағы немістер тұратын, олар басты кейіпкердің байқағанындай, Екінші дүниежүзілік соғыстағы қылмыстарға белсене қатысқандар еді.

Тұрғындардың ешқайсысы, оның ішінде полиция басшылығы да мұндай көршілерге тіпті де мән бермейді. Немістер жергілікті қауымдастыққа өте жақсы сіңісіп, кәсіпорындарды басқарып, шенеуніктерге қымбат сағаттар сыйлап және түрлі кештер ұйымдастырып жүретін. Олар өздерінің есімдерін жасырмайтын және испандар арасындағы мүдделес адамдармен — франкистермен белсенді араласатын. Полицей, ұлтшылдардың үстемдігі оның алдында болған және түсініксіз күдікті жағдайда қайтыс болған полицейдің өлімімен байланысты екенін аңғарған еді.

Фильмнің негізгі идеясы француз жазушысы Оливье Гезаның сөзінде айтылған: «Әрбір екі-үш ұрпақ сайын бұрынғы қырғындардың соңғы куәгерлері өмірден өтіп, жадымыз өшіп, сана көлеңкеленгенде, басқа адамдар қайтадан зұлымдық жасай бастайды».

«Ауыстыру» фильмі әлі франкистік мұрадан азат бола қоймаған Испанияда ғана болған жергілікті оқиғаны және тек өткен ғасырда, жоғары шенді фашистер әлі қартайып өлмеген кезді көрсетіп қана қоймайды. Фильм өткен туралы үндемеу билік пен қоғам тарапынан ашық айыпталмағанша адамдарды жауапкершіліктен босатып, жан түршігерлік істерді жалғастыра беруге және өзін мақтан тұтып, өшпенділік идеологиясын ұстануға мүмкіндік беретінін анық көрсетеді.

«Ауыстыру» фильмінің идеясы режиссерге мейрамханада түскі ас ішіп отырған кезде келеді, сол кезде ол қонақтардың фотоларының арасынан СС және вермахт формасын киген адамдардың суретін кездейсоқ байқап қалады. Оскар Айбар басында олар әртіс болар деп ойлайды, бірақ олар нағыз нацистер болып шығады — Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Франконың қорғауында болып Валенсияны паналаған рейхтің 300 жоғары шенді офицерінің бірнешеуі еді. Ешкім оларды айыптап, жауапқа тартпады.

«Ауыстыру» фильмі – зұлымдық, оны өз атымен атамаса және оның неге зұлымдық екенін түсіндірмесе, қайтадан жаңғырып, тіпті қалыпты болып көрінетіні туралы фильм. Айбар премьерадан кейін Коста-Бланка тұрғындары оның жұмысын қалай талқылағаны туралы айтып берді. Олар: «Біздің нацистер туралы фильм түсіріпті, нацистер жағажай  немесе сәулет өнері тұрған көрікті жер сияқты».

Зұлымдық әлі де басын көтеріп жатыр. 2010 жылы радикалды оңшыл көзқарасты насихаттаған Муссолинидің немересі Еуропарламентте отырды. Францияда ультра оңшыл Марин Ле Пен сайлауда Макронмен соңғы сәтке дейін күресті. Ресейде зұлымдық ұлтшылдық пен коммунизмге деген сағыныштың синтезі ретінде қайта жаңғырды. Оны былай түсіндіруге болады: Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін билік режимнің қылмыстық сипатын барынша айқын жарияламады және ұлттық бірегейліктің бөлігі ретінде өткеннің қателіктерін есте сақтап, көрсетпеді. Енді орақ пен балға тағы да ұлылық пен қаһармандық рәміздері ретінде қабылданып, КСРО-ның ыдырауы қылмыс, ал Сталинді ең қатыгез диктатор емес, екіұшты көшбасшы деп атап жүр. Бұрын көп ауыртпалық, қайғы-қасірет әкелген оқиғалардың енді Германияда, Испанияда немесе Ресейде қайталанбайтынына көз жеткізудің жалғыз жолы бар, ол –  ескі жарақаттарды жасырмай, оларды мүмкіндігінше жиі еске түсіріп отыру.»

1745
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *