Англиядағы Гай Фокс түні

Англиядағы Гай Фокс түні (ағылш. Guy Fawkes’ Night), басқаша От түні (ағылш. Bonfire Night) деп те белгілі, Англиядағы ең шулы фестивальдердің бірі. Ол жыл сайын 5 қарашада тойланады.

Мереке 1605 жылы 5 қарашада шабуылдаушылар король Джеймс I мен парламент мүшелеріне қарсы қастандық жоспарлаған тарихи оқиғаға байланысты атап өтіледі.

Патшайым Елизавета I тұсында католиктер үшін салынған айыппұлдар мен шектеулерді алып тастайды деп католиктер корольге үлкен үміт артқан, бірақ олардың үміттері ақталмайды. Одан кейін бір топ қастандық жасаушылар тарихта «Оқ-дәрі қастандығы» деген атпен қалған төтенше қадамды жасауды ұйғарады. Роберт Кейтсби Лордтар палатасының жыл сайынғы ашылу салтанатында парламент үйін оқ-дәрінің көмегімен жарып жіберуді ұсынды.

Жарылыстың мақсаты корольдің көзін жою, елдегі билікті өзгерту және таққа католик корольді отырғызу болды. Жарылыс жасау үшін  олар 36 бөшке оқ-дәрі сатып алып, Лордтар палатасының астындағы жертөледе сақтады.

Бірақ қастандық күтпеген жерден жүзеге аспады. Жоспарланған жарылыс қарсаңында қатысушылардың бірі өзінің досы Лорд Монтиглге хат жолдап, онда 5 қарашада парламентке келмеуін өтінді. Бірнеше сағаттан кейін хат патшаның қолына түседі. Джеймс I парламенттің жертөлелерін тінтуді бұйырады, онда 36 бөшке оқ-дәрі табылады және оларға от қоюға дайын тұрған Гай Фокс тұтқындалады.

Көптеген азаптаулардан кейін Гай Фокс қаскүнемдердің барлығының есімдерін атап береді. Барлық қастандық жасаушылар көпшілік алдында өлім жазасына кесіледі, ал Гай Фокс төрттағандалады. Корольді өздерін өлімнен құтқарғанына ризашылық білдірген лондондықтар көшелерде от жаға бастайды.

Уақыт өте келе Англиядағы Гай Фокс түні ұмытылмай, бұл дәстүр үлкен мерекеге айналды — Гай Фокстың түрінде жасалған қарақшыларды отта жағып, отшашулар, петардалармен толықтырылып, біздің заманымызға дейін сақталды.

166
Share

от bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *