Жүгіру туралы кітаптар

Соңғы жылдары елімізде марафон да, түрлі спорттық шаралар да көп өткізілгендіктен, саламатты өмір салтына ден қойып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап жатқандар да, сән қуып, қатарынан қалмай марафонға қатысып жатқандар да көп. Адамды қандай мақсат жетелесе де, ең бастысы нәтиже, ал бұл жылдан жылға адамдардың ойы өзгеріп, денсаулықты сақтау, ортаны өзгерту, сапалы өмір сүру бағытына ауысып жатқанын көрсетеді.

Не істесек те барлығымызға жақсы кеңес, кәсіби маманның тәжірибесі және қолдау керек. Оны көбіне кітаптардан алатынымыз өтірік емес. Сондықтан жүгіруге арналған бірнеше кітапқа сілтеме жасайық.

1. Спорт журналисі Мэтт Фитцджеральд жүгіру туралы жиырмадан астам кітап жазыпты. Оған қоса триатлон, тамақтану, фитнес және арықтау тақырыптарын да қамтыған. Бәріміз 20/80 деген Парето заңын естіп жүрміз. Яғни 20 пайыз күш-жігеріміз 80 пайыз нәтижеге жеткізсе, ал қалған күшіміз тек қана 20 пайыз нәтиже әкеледі. Осыған ұқсас Мэтт Фитцджеральдтің «80/20 жүгіру» («80/20 Running: Run Stronger and Race Faster By Training Slower») атты кітабы бар. Ол жаттығудың 80 пайызын төмен қарқында өткізу жүгірушінің шаршауы мен жарақат алуын азайтатынын, дегенмен жүктемені өзгерте отырып жаттығушының жылдамырақ жүгіруіне және оның төзімділігі мен шыдамдылығын дамыта түсуіне мүмкіндік жасауға болатынын көрсетеді.

2. Жазушысы Харуки Муракамидің жазған кітабы: «Жүгіру туралы айтқанда, не туралы айтамын» (О чём я говорю, когда говорю о беге) (2007)

Қай іс болса да, ең қиыны бастау екені белгілі. Мұның шығармашылыққа да, жүгіруге де қатысы бар. Шығармашылық жолы және жүгірумен қызығушылығы қатар басталған Харуки Мураками марафонды жүгіріп өтуді роман жазып шығумен салыстырады. Муракамидің жетістікке жету формуласы – тұрақтылық, күн тәртібі және ұстамдылық, яғни артық та, кем де емес, келесі күні жалғастыруға жетерліктей күшің қалатындай жүгіру керек және жұмыс істеу керек.

3. Өзі де жүгірумен айналысатын New York Magazine журналының колумнисі Бред Сталберг (Brad Stulberg) «жүгіру мәтін жазуға ұқсайды: екеуі де қалыптасқан әдетті және сол іске толықтай берілуді талап етеді, ал соңында сіз бұрынғыға қарағанда жақсырақ бола түскеніңізді сезесіз» дейді.

4. Мүмкін сіз «менің жасым қырықтан (елуден, алпыстан) асты, бәрі кеш, жүгіргені несі?» дерсіз. Бірақ оған да жауабымыз бар: Джо Фрил «50-ден кейін» (Fast After 50: How to race strong for the rest of your life) атты кітабында өз тәжірибесімен бөліседі, қартаюды зерттейтін ғалымдардың жұмыстарына сілтеме жасап, елуден асқандар ешнәрсеге қауқары жоқ, теледидар алдында отырып өмірін өткізетін адам емес екенін, спортпен айналысып, тың әрі қайратты болудың, ұзақ өмір сүрудің жолдарын көрсетеді.

Ал сіз АҚШ азаматы Маргарет Хэгертидің 72 жасында жүгіруді бастап, 81 жасында барлық құрлықтағы марафондарға қатысып шыққаны туралы білесіз бе? Не деген жанқиярлық, не деген қайсарлық десеңізші!

5. Тағы бір қызық жайт: 2010 жылдың 5 тамызында 700 метр тереңдікте 33 шахтер Чилидегі Сан-Хосе шахтасында қалып қояды. Алғашқы 17 күнді жоғарғы жақпен байланыс болмай қараңғылықта өткізеді, содан соң диаметрі 12 сантиметр саңылау тесіп, сол арқылы су мен тамақ жеткізіліп тұрады. Жер бетіне олар 69 күннен кейін шығады. Мұның несі қызық дерсіз?

Асықпаңыз, сол 33 шахтердің ішінде болған Эдисон Пенья жер астында уақытын бос жібермей, жүгірумен айналысады, ол басылып қалмаған бар болғаны бір шақырымдай жерді айналып жүгіре береді. Барлығы оны ақымақ, есі ауысқан деп ойлайды, ешкім оны қолдамайды. 13 қазанда шахтерлер жер бетіне шығады, ал 7 қарашада Эдисон Нью-Йорк марафонына арнайы шақыру алып қатысады да, 5 сағат 40 минут 51 секундта жүгіріп өтеді. Таңғаларлығы, бұған дейін ол ешқашан спортпен айналыспаған және марафондарға қатыспаған екен.

Сондықтан деніңіз сау болу үшін бар мүмкіндікті пайдаланыңыз: жүгіріңіз, жаттығу жасаңыз, көп жаяу жүріңіз. Бәрі өз қолыңызда.

Бақытгүл САЛЫХОВА

1294
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *