Кітап планшет пен смартфонға бәсекелес бола ала ма? Кітап оқуды қызықты етудің 9 әдісі

Балаларға әлеуметтік желілерден немесе телехикаялардан гөрі кітап оқу жақсы екенін қалай түсіндіреміз? Түсіндіру мен дәлелдеу мүмкін бе?  

Бүгін сіздерге кітапты ойынның, ерекше ақылға сыймайтын немесе күлкілі идеялардың негізі етіп алып балаларды қызықтыруға тырысқан мамандардың кейбір әдістерін айтып берейік. Мамандар балаларға кітап оқу арқылы әлем туралы ақпаратты біліп қана қоймай, өздері туралы да жаңа нәрсе біліп, жақсырақ түсінуге болатынын айтады. Ең бастысы үлкендер бала үшін  жайлы оқу ортасын қалай құратынын біз де біліп алайық, өйткені мультфильм мен тикток көру дағдысы еш қиындықсыз қалыптасады. Ал кітап оқыту үшін, біраз тер тегуіңіз керек және бұл тез бола қоятын үрдіс емес, әсіресе баланы өз бетінше кітап оқуға баулу оңай емес. Кітапты оқуды жақсы көруге көбінесе балаларға зейін қою, ойын шоғырландыру және шыдам жетпей жатады. Оған қоса үлкендер «тек кітап, ешқандай гаджетті қолданбайсың» деп, біржақты тыйым салады, ол да өз кезегінде кітапты жақсы көріп кетуге кедергі келтіреді. Бір нәрсені тыю арқылы, екінші нәрсені жақсы көргізе алмайсыз.

Сондықтан  біз айтатын әдістер барлық мәселені шешіп бермесе де, кітапқа деген қызығушылық пен әдебиетті күнделікті іс-әрекеттің бір бөлігіне айналдыруға мүмкіндік берері сөзсіз.

1. Кітап бойынша болжау

Бұл әдісті бәріңіз жасап көрген боларсыздар. Яғни, алдымен бір сұрақ қоясыз, оның жауабы мысалы, 10-бет 2-абзацта немесе 99-бет 5-абзацта деп болжам жасап, сонан соң кез келген кітапты сол бетте ашып, аталған абзацты оқисыз. Оқылған абзац бойынша кітаптың не туралы, қандай кейіпкерлер бар екенін шамалауға болады, тіпті кейде жауаптар сәйкес келуі немесе күлкілі болатын жағдайларға да тап болуыңыз мүмкін. Не болса да бала үшін бір сиқырдың, ерекше сезімнің болатыны сөзсіз.

2. Кейіпкерге айналыңыз

Мектепте болсаңыздар кейіпкер күнін өткізуге болады. Оқушылар өздерінің сүйікті кейіпкерінің образында келеді. Солар сияқты киінеді, сөйлейді, тіпті дауыстарын салуға тырысады. Мұндай кешті үйде де өткізуге болады.

3. Кітаптың немесе шығарманың атмосферасын жасау

Қараңғы үңгір немесе шығыс базарын үйде де мектеп бөлмесінде де, кітапханада да жасауға болады. Үстелді үлкен жапқышпен жауып, астына түрлі шамдарды жағып қойып, жерге көрпелерді төсеп, ерекше орта жасауға болады. Сонан  соң балалармен үңгірге кіріп, кітаптың қызығына кіріңіздер.

4. Сұрақ қою

Шығарманың, ертегінің, әңгіменің желісі бойынша түрлі сұрақтар қою.

5. Ары қарай не болды?

Шығарманы, ертегіні, әңгімені белгілі бір қызық жеріне дейін оқып, ары қарай не болғанын өз беттерінше болжауға беру. Балалар барлық фантазиясын қосып, өздерінің қызық оқиғасын айтып береді.

6. Қызық есімдер

Шығарма кейіпкерлерінің есімдері қалай пайда болды, мағынасы не, қай сөзден шыққан деген сияқты сұрақтарға жауап іздеу. Оған қоса кейіпкерді сипаттайтын сөздерден жаңа есімдер ойлап табуға да болады.

7. Шатасып кетпе

Мұғалім не ата-ана балаларға кейіпкердің істейтін әрекетін көрсетеді, балалар қайталап жасап үйренулері керек. Мысалы, кейіпкер қылышпен шайқасады, жіп байлайды, ағаш жабады, кесте тігеді, тамақ пісіреді, сурет салады, ұя жасайды, бау байлайды т.с.с. Осы арқылы балалар жаңа нәрсе жасап үйренеді. Кейбір нәрсені балалар тек қимылмен ғана жасап көрсетулері мүмкін, мысалы, «Зәкір көтеру үшін» қатысушылар ауыр затты теңізден шығарып жатқандай кейіп танытады, ал «желкенді көтеру» кезінде команда ойдан шығарылған арқанды тартып жатады.

9. Жақсы көремін, жақсы көрмеймін

Кез келген шығармада кейіпкер өзінің нені жақсы көріп, жақсы көрмейтінін айтады. Осы ойды жалғастырып, балалар өздерінің нені жақсы көріп, нені жек көретіндерін айтса болады.

Бұдан да басқа түрлі тәсілдер бар. Оны келесі жолы айтып береміз. Ал сіз балаңызды немесе оқушыңызды кітап оқуға қызықтыру үшін не істейсіз? Бізге сіздің ойыңыз өте қызық, пікір қалдырыңыз.

Дайындаған Бақытгүл Салыхова

952
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *