Шотландияға сапарым: 3-күн

Қаланы аздап түсініп келе жатқан сияқтымын, баратын бағытымды белгілеп алдым. Үшінші күн түске дейін пәтер  іздеумен, әртүрлі сайттарға , хабарландыру берген адамдарға хат жазумен кетті. Басында тек пәтер ұсынатын, бірігіп тұруға ұсыныс айтқан (бөлек бөлме, басқа адамдармен бірлесіп тұратын) адамдардың хабарландыруларын қарап отырдым, бір жақсысы, хабарландыруда барлық критерийлерін жазып қояды екен: кем дегенде қанша ай болуы керек, жасы, жігіт пе қыз ба, студент пе жұмыс істейтін адам ба. Ең қиыны, әрине, уақытпен байланыстысы болды, яғни бұл жақта пітерді кем дегенде жарты жылға, көбінесе бір жылға береді екен. Ал маған тек үш айға керек, біраз хабарландыруды қарап шыққанымды түсінген боларсыздар.

Содан басқаша істеп көрейін дедім, қай сайт екені есімде жоқ әйтеуір біреуіне «маған мынадай пәтер, мынадай уақытқа, мына районнан керек» деп жаза қолйғаным сол еді, бірінен кейін бірі топырлап хат келе бастады, басында спам ба десем, жоқ кәдімгідей әртүрлі сол жүйеде тіркелген пәтер агенттіктерінен келген хаттар. Сөйтсе жаңағы сайтым, менің тапсырысымды өздерінде тіркелген барлық агенттіктерге жібереді екен. Содан бір бес минуттың ішінде отыздан аса кешірім сұраған, әртүрлі кеңес берген, мүмкін басқа районнан іздерсіз деген хаттар келді. Агенттіктердің бәрі кем дегенде алты айға жалға береді екен. Қалай тез және жауапты жұмыс істейді деп бір таңқалып алдым да қайтадан алдыңғы сайттарға қайтым, бес алты адамға хат жаздым. Енді тек күту ғана қалды. Болмай бара жатса, осы тұрып жатқан қонақ үйімді тағы бір аптаға алармын деп өзімді жұбатып, саябақ пен мұражайға барып келейін деп далаға шықтым.

Гуглдың картасы жақсы көмекші екеніне көзім жетті, яғни алдын ала тұрған жерімнен баратын жеріме дейін маршрутын жазып қойып, картадан жолын көріп аламын, жаяу жүрсе шамамен қанша уақыт, автобуспен қанша уақыт болатынын көріп алуға болады. Екі немесе одан да көп жерге барсаңыз бірінен кейін бірі маршрутын жазып, ненің қай жерде орналасқанын көріп аласыз.

Сонымен алдыңғы күні жетпей қалған саябақ пен мұражайға (музейге) жол тарттым. Автобусқа отырдым, осы үш күнде көргенім автобустарының аузымұрнынан шығып толып жүргенін көрмеппін,  ылғи бос орын бар. Сонымен жүргізушіден жол сұрай отырып, саябаққа баратын көшенің қасындағы аялдамадан түсіп қалдым, жүргізушінің айтуынша әрі қарай он минуттай жаяу жүруім керек. Сөйтіп Kelvingrove Art Gallery and Museum-ге қарай жүріп келемін. Жолда Глазго Университеті бар екенін түсіндім, бірақ оңға бұрылып тағы бірақ жүру керек. Университетке қайтар жолда баратын болып алға қарай жүре бердім.

Kelvingrove саябағының ішіншде біраз жүрдім, саябақ өте әдемі, ұлкен, ең бастысы бірнеше жерден балаларға арналған алңдары, ойнайтын жерлері бар екен, бәрі  ақысыз. Әр жерде жол көрсеткіштері қойылған, қай бағытта не бар екенін бірден түсінесіз. Барлық ыңғайлы нәрселермен қоса «қоғамдық дәретхана» деген де бар екен, ақысыз, тап-таза.

Мұражай керемет ұйымдастырылған, ішінде не жоқ дейсіз, бәрі бар: тарих та, көркемөнер де, қыл қалам шеберлерінің туындылары да, жиһаз да, ыдыс-аяқ та, жануарлар мен құстар, балықтар да. Әсіресе ғылым мұражайлары сияқты балаларға арналған танымдық, қолмен ұстап, жылжытып, ойнап көруге болатын заттар мен түрлі тапсырмалардың болуы ерекше әсер қалдырады. Бірден Алматы мұражайларында да осындай өзгерістер жасаса ғой деп ойлайсың. Бұйыртса, қайтып барған соң осындай нәрселерді істеуге тырысамын.

Ең маңыздысы: мұражай ақысыз, қалағаныңша суретке түсіруге болады. Мұражайдың кіре берісінде қаласаңыз мұражайдың дамуына «ақшалай көмектесіңіз» деген жазу бар, ең аз дегенде 3£ , қаласаңыз одан да көбірек ақша тастауға болады. Сонымен бірге мұражайды қолдайтын меценаттардың бары сөзсіз.

 Глазго, Шотландия

жұма, 19.09.2014

480
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *