Шотландияға сапарым: 4-күн

Глазгоға келгелі ерте тұрып жүрмін, әлі сылтауратып жүгіруді бастамадым. Бұл жақта жүгіріп жүрген адам өте көп. олар таңертең де, түсте де кешке де ж.гіре береді екен, тіпті жаңбыр құйып жауып тұрса да жүгіреді. Бүгін таңертең кішкентай баласын арбасына салып алып, итерген күйі жүгіріп бара жатқан бір жас ананы көрдім. Қазақстанда ешкім бұлай жүгірмейтін болар, менде елде болғанда жүгіру үшін арнайы орын керек, стадионға немесе саябаққа бару керек деп біраз сылтаурататынмын, қала берді жүгіру маған ұнамайды, мен тренажер залына барамын деп ақталатынмын.

Сөйтсе жүгіру үшін көп нәрсенің қажеті жоқ, спорт киіміңді ки де, жүгіре бер. Бір ғана «әттеген-айы» бар, бұл жақта көп адам жүгіреді, сондықтан ерсі болып көрінбейді, жалғыз, екі адам болып, үлкені де кішісі де жүгіре береді екен. Тағы таң қалдырған нәрсе шаң жоқ, шынымен төрт күн бойы көп жаяу жүріп жүрмін, бірақ аяқ киімімнің шаң болғанын көрмеппін, бүгін қатты жаңбыр жауды, сонда да аяғым балшық болып немесе лас болған жоқ.  Глазго тап-таза деп айта алмаймын, әр жерде қағаздар, кейбір қоқыстар жатқанын көзім шалып қалып жатыр, тіпті сарғайып ағаштан түскен жапырақтар да жиналып үлгерілмей жолда жатыр, дегенмен шаң болмайсың. Ауаның ерекшелігі ме, теңіздің жақын болғанының әсері ме, тротуарды, жолды жақсы салғанынан ба, топырақтың ерекшелігінен бе, әйтеуір аяғың, аяқ киімің шаң болмайды, сондықтан болар біраз адам күз болса да ашық аяқ киім киіп жүре беретіні.

Күнде жазба жазып отырсам да сол күнде болған кейбір нәрселер ұмыт қалады, есіме түскенін жаза берейін: сонымен  келген күннен бастап фейсбуктегі Глазгодағы студенттер қауымдастығына жазып, осында оқып жатқан студенттер, зерттеуін жүргізіп жатқан мамандар кездесейік деп ұсыныс айтқан болатынмын. Үш-төрт адам қолдап, жексенбі күні кездесеміз деп жоспарлап қойдық. Сол жерде тағы бір студент Ботаника саябағына барайық деп ұсыныс тастаған болатын. Іздегенге сұраған деп мен жауап беріп, екеуміз кездесетін болып келіскенбіз.

Таңертең ерте тұрғанның арқасы хаттарға жауап беріп, әртүрлі ақпарат іздеп, елдегі достарыммен сөйлесіп отырсам, пәтер туралы жақсы бір хабар келіп, ол кісімен де біраз хат алмастық, бірақ бүгін кездесе алмай қалдық (өйткені кездесу уақыты туралы хатыма жауап бермеді. Осы пәтерге орналассам қуанышымда шек болмас еді, орталық жақта, университетке жақын, мен жұмыс істейтін жерге жаяу барса жиырма минутта жетуге болады, маған өте ыңғайл болар еді.)

Сонымен хатқа жауапты күте алмайтын болдым, өйткені сағат он бірде саябақта кездесуіміз керек. Гуглдың картасында баратын жерлерімнің бәрін белгілеп алып, жаяу жолға шықтым. Баратын жерім — Glasgow Botanic Garden

Шегініс: Саябаққа бара жатқандағы жол бойы көрген қызықтарымды жаза отырайын: Келгеннен бері көріп жүргенім бағдаршамның қасында мынадай құрылғы тұр, оны басып жасылы жанғанша күтуіңіз керек, көп күтуіңізге тура келеді, маған солай болып көрінді, кейбір адамдар жан-жағына қарап жасыл жанбаса да өтіп кетеді (өзім де бір-екі рет солай істедім), бірақ шыдамды болып күтіп тұру керек.

IMG_1857

 

Тағы бір қызығы мынадай жылдамдықты көрсететін құрылғы бар екен, егер жылдамдығыңыз отыздан  асып кетсе былай көрсетеді 32 🙁 , ал жылдамдықты асырмай жүрсеңіз күлген смайликті көруге болады:

IMG_1858

 

Тек қана автобусқа арналған жолақ бар, ол бір жерде басталады, сосын аяқталатын жері болады, оның бәрі үлкен әріптермен жазылып қойылады. Автобустың жолына түсіп кетсеңіз сізді бақылап тұратын камералар бар. Кейбір адамдар дүкендердің қасына автобустың тұратын жеріне машиналарын қойса, полицейлер келіп жазалауы мүмкін (өзім біреуінің куәсі болдым).

IMG_1852

Ботаника саябағына жақындап қалған кезде сіркіреп жаңбыр жауа бастады, біраздан кейін қатты жауып кетті, мен саябақттың негізгі кіре берісін тауып сол жердегі үлкен ағаштың астына тығылдым. Сағат он бір болды. Кездесуге келетін Динара әлі жоқ, өзім ешқашан кешікпейтін болған соң, басқалардың да кешікпегенін қалаймын. Содан бес он минут өткеннен кейін «болмас, хабарласайын» дедім. Айпадымда интернет жоқ, сол жерде бір күнге интернет сатып алыңыз, бар болғаны 6£ деген жарнама шыға келді, «жарайды» деп басып, тіркеліп, карточкамды жазсам, бір минуттың ішінде интернет қосыла қойды. Қуанып кетіп, Динараға хабарластып, сөйтсе ол үйінде отыр екен. «Мен сізді дұрыс түсінбеппін, келмейтін боларсыз, жай сұраған екенсіз деп ойладым» деп қарап отыр. Содан кешірім сұрап, қаласаңыз мен келейін, бірақ бір сағаттық жерде тұрамын деген соң, «қоя ғой, ешқандай реніш жоқ, тағы бір бұйыртқан күні кездесерміз, келмей-ақ қой» дедім, өйткені жаңбыр өте қатты жауып тұрған еді, Алматыда болса бұл жауын күні бойы жауатын еді, мен де солай болар деп ойладым, «қолымда қолшатырым жоқ, үйге қалай қайтамын» деп уайымдасам да еш жаққа кетпей тұра тұрдым, ағаштың астынан шығып, қасында тұрған үйдің шағын шатырының астына барып тығылдым. Әрі бері қолшатырларын ұстаған адамдар, қолшатырсыз жүгіріп жүргендер, малмандай су болып өтіп жатыр, саябақтың кіре беріс қақпасының алды суға толды, көшеде кетіп бара жатқандар суды кешіп жүр, «мәссаған» деп мен тұрмын. Жаңбырың құйып-құйып жауады дейсің, бір қырық минуттай өткеннен кейін жаңбыр басыла бастады, сонда да сіркіреп жауып тұр, келген соң саябақты көрмей кеткім келмеді. Содан алға қарай жүрдім, жабық оранжерея бар екен, ішіне кіріп алдым, бағанадан бері сүйтсем ғой. Іші қандай керемет, түрлі түрлі ағаштар, мен көрмеген гүлдер, атын да білмейтін шөптер, не жоқ дейсің, бәрі бар.  Ішінде балаларымен жүрген ата-аналар, ата-әжелер, жай қыдырып жүрген қарт, жас адамдар.

Ботаникалық бақта ашық аспан астында өсіп жатқан өсімдіктермен қатар арнайы ғимараттардың ішінде орналасқандары да бар екен. Ботаникалық бақ өте үлкен, жақсы ұйымдастырылған, тап-таза, бұл жерде де спортпен айналысып, жүгіріп жүрген адамдар көп екен. Сөзімнің шын екенін  суреттерден көрерсіздер. Бір байқағаным әрбір ағашқа, гүлге, бұтаға, шөпке деген құрметтері мен ерекше ықыластары, қанша жыл бойы өсіп тұрса да ағашты барынша сақтап қалуға тырысулары, жас ағаштарды қоршап аман есен өсіп кетуіне мүмкіндік жасауы, ұқыптылықпен, сүйіспеншілікпен өсіруге тырысқандары көрініп тұр.

КЕҢЕС:

  1. Күз айы болса, қолшатыр алып жүріңіз 🙂
  2. Ылғи интернетке қосылулы болыңыз немесе жергілікті телефоныңыз болсын, кездесетін адамның телефонын алып алыңыз.
  3. Кездесуді белгілеген кезде екінші адамның сізді дұрыс түсінгенін, шынымен кездесуге келетінін нақтылап алыңыз.
  4. Жақсыны көрмек үшін, тек қана көріп тамсанып қоймай, елге қайтқанда ең болмаса өз бақшаңды дұрыс қарап, күтіп баптауға тырыс.
  5. Спортпен шұғылдан, ең болмаса жаяу жүр, жүгір.

 

Глазго, Шотландия

сенбі, 20.09.2014

 

 

415
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *