20 минут ішінде 3 есе жылдам оқуды қалай үйренуге болады?

Жылдам оқу, әсіресе «20 минут ішінде 3 есе жылдам оқуды қалай үйренуге болады?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

Алғысөз: PX жобасы

1998 жылы Принстон университетінде жоғары жылдамдықта оқуға арналған Project PX семинары өтті.

Project PX – оқу жылдамдығын 386%-ға арттыратын үш сағаттық когнитивті эксперимент. Ол бес тілде сөйлейтін адамдарға жүргізілді, оның нәтижесінде тіпті дислексиямен ауыратын адамдар да минутына 3000 сөзге дейін техникалық мәтінді, 10 бет мәтінді оқуға үйретілді. Бір бетті 6 секундта.

Салыстыру үшін, АҚШ-та орташа оқу жылдамдығы минутына 200 ден 300 сөз аралығында. Тіл ерекшелігіне байланысты бізде 120-дан 180-ге дейін. Ал сіз өз көрсеткіштеріңізді минутына 700-900 сөзге дейін оңай көбейте аласыз.

Бар болғаны сізге адамның көру қабілеті қалай жұмыс істейтінін, оқу процесінде қанша уақыт босқа кететінін және оны ысырап етуді қалай тоқтатуға болатынын түсіну қажет. Қателерді сұрыптап, оларды жасамауға жаттығудан кейін, сіз бірнеше есе жылдам оқи аласыз және мәтінді жай көзіңізбен сүзіп өтпей, барлық оқыған ақпаратты қабылдап, есте сақтайсыз.

Дайындық

Эксперимент үшін сізге келесі заттар қажет:

• кемінде 200 беттен тұратын кітап;

• қалам немесе қарындаш;

• сағат (таймер).

Кітап сіздің алдыңызда жабылмай жатуы керек (беттері жабылып қала берсе, шетін ауыр затпен басып қойыңыз).

Бір жаттығу сессиясы үшін сізге кемінде 20 минут қажет. Осы уақыт ішінде сізді ешкім алаңдатпайтын болсын.

Пайдалы кеңестер

Жаттығуларға көшпес бұрын, оқу жылдамдығын арттыруға көмектесетін бірнеше жылдам кеңестер берілген.

1. Мәтін жолын оқығанда мүмкіндігінше азырақ тоқтауға тырысыңыз

Біз оқығанда, көзіміз мәтін бойында біркелкі қозғалмай, бір жерден екіншісіне секіре береді. Әрбір мұндай секіріс назарыңызды мәтіннің бір бөлігіне аударумен немесе парақтың осы бөлігінің төрттен бір бөлігіне көз тоқтатумен, парақтың осы жерін суретке түсіріп жатқандай, аяқталады.

Мәтінге әрбір көз тоқту ¼ секундтан ½ секундқа дейін созылады.

Мұны сезіну үшін бір көзіңізді жұмып, қабағыңызды саусағыңыздың ұшымен аздап басыңыз, ал екінші көзіңізбен мәтін жолының үстінен баяу сырғытуға тырысыңыз. Егер сіз әріптер бойымен емес, жай көлденең сызық бойымен сырғымасаңыз, секірулер одан да айқын болады:

Қалай? Сездіңіз бе?

2. Мәтін бойымен мүмкіндігінше аз кері оралуға тырысыңыз

Орташа қарқынмен оқитын адам өткізіп алған сәтті қайта оқу үшін мәтін бойымен жиі кері оралады. Бұл саналы да, бейсаналы да болуы мүмкін. Соңғы жағдайда бейсана өз еркінше көздеріңізді мәтіндегі шоғырлану жоғалған жерге қайтарады.

Орташа алғанда, саналы және бейсаналы қайтару оқу уақытының 30% алады.

3. Бір тоқтаған кезде оқылатын сөздердің қамтылуын арттыру үшін зейініңізді күшейтіңіз

Орташа оқу жылдамдығы бар адамдар көлденең перифериялық көруден гөрі орталық фокусты пайдаланады. Осының кесірінен олар бір қарағандағы көздің секірісі кезінде екі есе аз сөзді қабылдай алады.

4. Дағдыларды бір-бірінен бөлек жаттықтырыңыз

Жаттығулар бір-бірінен ерекшеленеді, оларды біріктіруге тырысудың қажеті жоқ. Мысалы, оқу жылдамдығын жаттықтырып жатсаңыз, мәтінді түсінуге алаңдамаңыз. Сіз дәйекті түрде үш кезеңнен өтуіңіз қажет: оқу техникасын үйрену, жылдамдықты арттыру үшін оқу техникасын қолдану және түсініп оқу.

Негізгі ереже: оқу техникасын өзіңіз қалайтын оқу жылдамдығынан үш есе артық жылдамдықпен жаттықтырыңыз. Мысалы, сіздің оқу жылдамдығыңыз қазір минутына 150 сөзді құраса, ал сіз минутына 300 сөз жылдамдығымен оқығыңыз келсе, онда минутына 900 сөзді оқуға жаттығуыңыз керек.

Жаттығулар

1. Бастапқы оқу жылдамдығын анықтау

Алдымен оқу үшін таңдаған кітаптағы сөздер мен жолдардың мөлшерін санау керек. Сөздердің санын шамамен есептеңіз, өйткені нақты мәнді есептеу тым жалықтырады және көп уақытты қажет етеді.

Алғашында мәтіннің бес жолына қанша сөз сәйкес келетінін санаймыз, бұл санды беске бөліп, бір санға дейін ықшамдаймыз. Мысалы, бес жолда 40 сөзді санадыңыз: 40:5 = 8 — әр жолда орта есеппен сегіз сөз бар.

Содан кейін біз кітаптың бес бетіндегі жолдың санын есептеп, алынған санды беске бөлеміз. Мысалы,  5 бетте 194 жол, әр бетте орташа есесппен 39 жол бар: яғни 195:5 = 39.

Ең соңғысы, бір бетке қанша сөз сыйғанын есептейміз. Ол үшін жолдың орташа санын жолдағы сөздердің орташа санына көбейтіңіз:

39 × 8 = 312 сөз.

Енді оқу жылдамдығын анықтайтын уақыт келді. Біз сағатты (таймерді) 1 минутқа қойып, мәтінді әдеттегідей асықпай, сабырлы күйде оқимыз.

Қанша сөзді оқып үлгердіңіз? Нәтижесін есте сақтаңыз немесе бөлек жазып қойыңыз.

2.Нысана және жылдамдық

Жоғарыда жазғанымыздай, артқа шегіну мен көзді тоқтату оқу кезінде көп уақытты алады. Бірақ өз назарыңызды бақылау құралын пайдалану арқылы сіз осы уақытты қысқарта аласыз. Мұндай құрал ретінде қаламды, қарындашты немесе тіпті саусақты пайдалануға болады.

Техника (2 минут)

Назарыңызды бір жерде сақтау үшін қаламды немесе қарындашты қолдануға жаттығыңыз. Қарындашты қазір оқып жатқан жолдың астында біркелкі жылжытыңыз және қарындаштың ұшы тұрған жерге назар аударыңыз.

Қарындаштың ұшын жылдам жылжытып, мәтін бойынша тоқтаулар мен кері қайтуларды болдыртпай, қарындаштың ұшынан көзіңізді алмаңыз. Мәтінді түсінуге тырспаңыз, оған тіпті алаңдамаңыз, бұл жаттығу тек жылдамдықты жақсартуға арналған.

Әр жолды 1 секундта өтуге тырысыңыз және әр парақ сайын жылдамдықты арттырып отырыңыз.

Ешбір жағдайда, тіпті мәтіннің не туралы екенін мүлдем түсінбесеңіз де, бір жолда 1 секундтан артық тұрмаңыз.

Бір қызығы, қаламның немесе қарындаштың соңынан ергенде, көру қабілетіңіз олардан озып, сіз тезірек оқитын сияқты болып көрінеді. Қарындашты алып тастауға тырысқанда, сіздің көруіңіз парақ бетіне ыдырап, назарыңыз босап, ол бүкіл парақта қалқып жүргендей болады.

Осы әдіспен 2 минут ішінде қанша сөз оқығаныңызды санап алыңыз.

Жылдамдық (3 минут)

Қарындашты қолдану техникасын қайталаңыз, бірақ әрбір жолды оқуға жарты секундтан артық уақыт бермеңіз («жиырма екі» деп айту үшін қажетті уақытта екі жол мәтін оқыңыз).

Әрине сіз не оқығаныңызды түсінбейсіз, бірақ бұл маңызды емес. Сіз қазір қабылдау рефлекстеріңізді жаттықтырудасыз, бұл жаттығулар оқу жүйесіне бейімделуге көмектеседі. 3 минут бойы жылдамдықты төмендетпеңіз. Ойыңызды қаламның ұшына және жылдамдықты арттыру техникасына шоғырландырыңыз.

Бұл жаттығудың ең қиын бөлігі – қарындаш қозғалысының жылдамдығын бәсеңдетпеу. Сіз үшін бұл жағдай нағыз шектеу, өйткені сіз өмір бойы оқып жатқаныңызды түсіну керек деп ойладыңыз және одан бас тарту оңай емес.

Сөйлемнің не туралы екенін түсінуге оралу үшін ойлар мәтін жолдарына жабысып, қолыңыздағы қарындаш та баяулай бастайды. Сондай-ақ мұндай пайдасыз оқу кезінде зейінді де сақтау қиынға соғады, ми жұмыс істеуден бас тартып, ойларыңыз жан-жаққа шашырап, қарындаштың жылдамдығына әсер етеді.

3. Қабылдау өрісінің кеңеюі

Көзіңізді монитордың ортасына шоғырландырсаңыз да, сіз бәрібір оның шеткі аймақтарын көре аласыз. Мәтінді оқығанда да солай: бір сөзге назар аударсаңыз да, сіз оның айналасындағы бірнеше сөзді де көресіз.

Сондықтан сіз перифериялық көру арқылы осылай көре алатын сөздердің санын неғұрлым көбірек болуына үйрене алсаңыз, соғұрлым тезірек оқи аласыз. Кеңейтілген қабылдау аймағы оқу жылдамдығын 300%-ға арттыра алады.

Қалыпты оқу жылдамдығы бар жаңадан бастаған оқырмандар перифериялық көру қабілетін өрістерге жұмсайды, яғни олар мәтіннің біріншіден соңғысына дейін барлық сөзге көз жүгіртеді. Бұл жағдайда перифериялық көру бос өрістерге жұмсалып, адам оқу уақыттының 25-тен 50% -на дейін бос жоғалтады.

Тәжірибелі “жаттыққан” оқырман «өрістерді оқымайды». Ол сөйлемдегі бірнеше сөзді көзімен жүгіріп өтіп, қалғанын шеткі (перифериялық) көру арқылы оқиды.

Мысалы, мына сөйлемді оқыңыз:

Бірде студенттер төрт сағат бойы кітап оқып, рахаттанды.

Егер сіз оқуды «студенттер» сөзімен бастап, «оқу» сқзімен аяқтасаңыз, сегіз сөзден бес сөзді оқып, уақытты үнемдейсіз! Бұл сөйлемді оқу уақытын жартысынан аса қысқартады.

Техника (1 минут)

Мүмкіндігінше жылдам оқу үшін қарындашты пайдаланыңыз: жолдың бірінші сөзінен бастаңыз және соңғысымен аяқтаңыз. Яғни, қабылдау аймағының кеңеюі болмаған кезде — №1 жаттығуды қайталаңыз, бірақ әр жолға 1 секундтан артық жұмсамаңыз. Ешбір жағдайда бір жол 1 секундтан аспауы керек.

Техника (1 минут)

Қаламмен немесе қарындашпен оқу қарқынын қалыптастыруды жалғастырыңыз, бірақ оқуды жолдағы екінші сөзден бастап, соңына дейінгі екі сөзді оқымай жолды аяқтаңыз.

Жылдамдық (3 минут)

Жолдағы үшінші сөзден оқуды бастаңыз және қарындашыңызды жарты секундта бір жолдың жылдамдығымен жылжыта отырып, соңына дейін үш сөзді аяқтаңыз («жиырма екі» деп айтуға кететін уақыт ішінде екі жол).

Егер сіз оқыған нәрсені түсінбесеңіз, бұл қалыпты жағдай. Сіз енді қабылдау рефлекстеріңізді жаттықтырып жатырсыз, сонықтан түсіну туралы алаңдамаңыз. Жаттығуға бар күш-жігеріңізбен назар аударыңыз және ойыңызды санаңызға қызықсыз болып көрінетін жаттығуға шоғырландырыңыз.

4. Жаңа жылдамдықты тексеру

Енді жаңа оқу жылдамдығын тексеретін уақыт келді. Сағатты (таймерді) 1 минутқа қойыңыз және мәтіннің мағынасын түсіне алатындай ең жоғарғы жылдамдықта оқыңыз.

Оқу жылдамдығыңыз алғашқыда санаған көрсеткіштен жоғары екенін байқаған боларсыз, бұл таңғаларлық емес, өйткені сіз сөздерді қамтудың аймағы қалай кеңейгенін байқай бастайсыз. Сіз өрістерді оқуға уақытты босқа жібермейсіз, мәтін бойымен қайта жүрмейсіз, оқу жылдамдығыңыз да айтарлықтай жоғарылады.

Дайындаған Бақытжан Салихов

1155
Share

От bilimpaz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *